|
30.04.2021 | 22:37
6246

Салтанат Байқошқарова: Шеткі аудандарда арнайы емханалар салу – игі бастама

Медициналық мекемелердің көбеюі, олардың заманауи құралдармен жабдықталуы халыққа дәрігерлік көмек көрсету сапасына оң әсер ететіні сөзсіз

  Салтанат Байқошқарова: Шеткі аудандарда арнайы емханалар салу – игі бастама

Барлық әлеуметтік нысан қолжетімді болу керек. Емхана, спорт нысандары мен балабақшаға бару үшін адамдар алысқа сабылмауы тиіс. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн-презентация кезінде мегаполистегі әлеуметтік инфрақұрылымның қалай дамитынын айтты. Осылайша алдағы уақытта қалада көптеген заманауи нысандар бой көтермек. Олардың жобаларымен Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек танысты.

Әлеуметтік нысандар үйден 20 минуттық жерде орналасуы керек. Мұндай міндетті 2019 жылы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қойған болатын. Содан бері біраз жұмыстардың  атқарылғаны белгілі. Балабақша, емхана және мектептердегі орын тапшылығын жою үшін, «Шетсіз қала» қағидаты қабылданып, көптеген әлеуметтік нысандар қолжетімді болды.

«30-ға жуық отбасылық медициналық амбулатория ашу керек болғанбыз. Осы күні 16-сы іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Қалғаны алдағы уақытта ашылмақ. Ол туралы жауапты басқарма басшылары қазір толығырақ айтатын болады. Жалпы бұл жұмыстар қатаң бақылауда», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Белгілі болғандай, алға қойылған мақсат кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың сөзінше, Алматы қаласының шалғай аудандарында амбулаториялық-емханалық мекемелердің жаңа нысандарын салу бойынша жоспар дайындалды.  

«Шеткі аудандарда адамдар саны жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан шалғай аудандардағы 3 емхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта Жетісу ауданындағы Казаков көшесінде 240 адамды қабылдайтын, Наурызбай ауданы Қарағайлы шағын ауданында 500 келушіге арналған емхана құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, Түрксіб ауданының Жас қанат шағын ауданында емхана бой көтереді», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.

Аталған ғимарат салынатын жерге арнайы барып, тұрғындармен тілдестік. Мекеме құрылысы жүргізілетін жер дайындалып жатыр. Маңайдағы адамдар тағатсыздана күтіп жүргенін айтады.  

Бір ауысымда 500 адамға дейін қабылдауға қауқары жететін емхана дәл осы жерде салынбақ. Оның құрылысы алда ғы қазан айында басталып, 2022 жылдың қарашасында толық аяқталады. Ал ғимараттың көлемі 6 мың 200 шаршы метрді құрайды. Жалпы медициналық мекеме Жас қанат пен Қайрат ықшам аудандарының дәл шекарасында бой көтермек.

«Төртінші емханаға барамыз. Басқа жаққа барамыз. Кейбіреуі шамасы келгендер әр жерге барады. Ауруханадан қиналдық. Мына Қайратта кішкене ғана бар. Ол жерде адам көп. Мына жерге салынады деп жатыр. Осыны тезірек салып берсе, біз бәріміз қуана құптар едік», – деді қала тұрғыны Абай Кеңбаев.

«Алданда жаңалықтан естідік. Осы 1-2 күнде айтты ғой мына жерге үлкен емхана салынады деп айтты ғой. Ризамыз. Қуанып жатырмыз. Енді сол тезірек іске асса», – деді қала тұрғыны Анар Тайбұрова.

«Өзімізде кішкене ғана амбулаториямыз бар еді. Енді қазір мына жақтан үлкен емхана салынайын деп жатыр. Оған да Аллаға шүкір. 500 адамды қарайтындай болса жақсы болар еді бізге», – деді қала тұрғыны Айнагүл Сатқынбаева.

Медициналық мекемелердің көбеюі, олардың заманауи құралдармен жабдықталуы халыққа дәрігерлік көмек көрсету сапасына оң әсер ететіні сөзсіз дейді, ақ халаттылар.  

«Шеткі аудандарында арнайы емхана салу – ол өте керемет бастау деп ойлаймын. Сондықтан оны салғаны дұрыс. Өйткені ол жерлерде кішкентай ғана амбулаториялар бар. Ол жердегі халық саны көп болғандықтан, оны көтермейді. Сондықтан үлкен емханалар әр ауданда болса, ол өте керемет жаңалық болар еді деп ойлаймыз», – деді Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова.

Алдағы уақытта Алматыда медициналық мекемелердің санын арттыру жұмыстары жалғаса беретін болады. Сонымен қатар, ескірген ғимараттарға жапсарласа құрылыс жүргізіледі. Олардың қатарында №7 қалалық клиникалық аурухана, балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығы бар.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир