|
29.12.2021 | 17:29
14812

Алматының шеткі аудандарында жаңа үлгідегі мектептер ашылды

Оқу орындары өзінің алғашқы оқушыларын келесі тоқсаннан бастап қабылдайды

Алматының шеткі аудандарында жаңа үлгідегі мектептер ашылды Almaty.tv

Алматының екі бірдей ауданында жаңа форматтағы мектеп ашылып, пайдалануға берілді. Жаңа білім ордаларында Face ID жүйесі жұмыс істеп, сол арқылы ата-аналар балалардың кіруі мен шығуы туралы хабарламалар алады. Нысандар жалпы 3300 орынға шақталған. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кезекті жұмыс сапары кезінде жаңа ғимараттарға барып, сапасына бағасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   


Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Наурызбай ауданының Қалқаман-2 шағынауданындағы жаңа №206 мектебіне барды. 1800 орынға арналған білім ордасы заманға сай жиһаздармен, қажетті оқу құралдармен жабдықталған.

«Өте балаларға қолайлы түрде жасалған. Бастауыш сыныптың кіретін блогы бөлек, орта және жоғары сыныптардың кіретін блоктары бөлек-бөлек салынған және арнайы кабинеттердің бәрінде интерактивті тақта, барлық мұғалімдерде компьютер мен көшірме аппараттары қоса берілген», – деді №206 жалпы білім беретін мектептің директоры Фатима Әлиақпарова.

Дәл осы сияқты соңғы үлгідегі мектеп Алатау ауданындағы Томирис шағынауданында да іске қосылды. Мегаполис басшысы 1500 балаға шақталған №205 мектепке де ат басын тіреп, атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Іргесі енді қаланған нысандар қала мектептеріндегі орын тапшылығын едәуір төмендетеді.

«Мектебіміздің жанында мини-орталық ашылып жатыр. Ол мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Онда жатын бөлмелері бар. Балалар сол жерде ұйықтап, демалып, балабақшада жүргендей жүре алады», – деді №205 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлнар Дәулетова.

Айта кетерлігі, жаңа мектептер типтік жобалар бойынша салынбаған. Яғни, жобалау кезінде оқу орындары жаңа стандарттарға сай арнайы әзірленіпті. Сәулеті мен дизайны заман талабымен келіскен. Мұнда балалар мен мұғалімдердің жайлылығы үшін бар жағдай жасалған. Мектептерде спорт залдары, асхана, зертхана және басқа да сыныптар қарастырылған. Сыртқы аумақтарда стадиондар орналасып, кеңістіктер барынша көгалдандырылған.

«Бұрынғы мектептерде кабинеттер бір жағында болатын, енді екі жағында да болады. Табиғи жарық, яғни күн сәулесі түсуі үшін витраждар қолданылды. Кең дәліздер мектеп ішінде еркін жүруге мүмкіндік береді», – дейді жоба жетекшісі Ернұр Сатыбалдыұлы.

Тағы бір ескеретіні, мектептерде Face ID жүйесі орнатылған. Бұл арқылы ата-аналар балаларының кіріп-шығуын қашықтықтан бақылап, біліп отыра алады. Кіреберіске қойылған 8 камера балалардың қауіпсіздігін қамтуға мүмкіндік береді. Оқу орындары өзінің алғашқы оқушыларын келесі тоқсаннан бастап қабылдайды. Білім ошақтарын аралаған соң Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алтын бесік» шағынауданындағы көріктендірілген қоғамдық кеңістікпен танысты.

Еске салсақ, бұл жерге студенттер үйі тұрғызылмақ болған. Алайда қала әкімі тұрғындардың өтінішімен құрылысты тоқтатып, орнына халыққа жайлы орын жасауға шешім шығарған еді. Бүгінде мұнда спорт және балалар алаңы, серуендеу жолдары салынды.

Назкен Еркін, Аянрафи Нәрікбаева, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир