Биыл Алматыда 350 мың түп ағаш отырғызылады. Алатау мен Наурызбай ауданында жаңа саябақтар ашылады. Жасыл экономика басқармасы осы жылы атқарылатын жоспарларын бөлісті. Былтырдың өзінде қала бойынша 280 мыңнан астам жасыл желек егілген болса, соның басым бөлігі, яғни 176 мыңы Алатау ауданында отырғызылған екен. Дәл осы аудандағы қарағайлы орманында бүгінде 2 мың түп ағаш өсіп тұр. Қала әкімінен қолдау тапқан бастаманы кімдер көтерді? Бұл игі шара қашан басталды? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі жалғастырады.
2020 жылдың 1 қаңтарында Алматыдағы қарағайлы орманына ең бірінші 131 түп ағаш егілді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халықпен кездесуінде эколог Тимур Елеусізов Алатау ауданындағы кең алқапқа қарағай орманын отырғызу туралы өтініш білдірген болатын.
«Я к вам письменно обращался на счет посадки соснового леса. Мы, инициативная группа, хотели посадить деревья 1 января. Просим вас оказать нам поддержку. Я вам письмо уже отправил через канцелярию», – деді Қарағайлы орманының негізін қалаушы Тимур Елеусізов.
«Спасибо, рассмотрим все вопросы. Касается не только района, но и всего города», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Осылайша сұрауы ескерусіз қалмай, былтырғы жылдың басынан құрамына еріктілер, кәсіпкерлер кірген бастамашыл топ Алатау ауданына қарағай орманын отырғызуды қолға алды. Мұндай игі шараға қала тұрғындары да жаппай атсалысты.
«Бізді қала әкімдігі қолдады. «Миллион түп ағаш егу» бағдарламасын өз басым қолдаймын. Сондықтан біз Алматыда қарағай орманын егуді қолға алдық. Жетісу, Алатау ауданы бұл бағытта жақсы жұмыс атқаруда. Бұл өңірлер біртіндеп жасыл желекке оранып келеді», – деді Қарағайлы орманының негізін қалаушы Тимур Елеусізов.
Қоғам белсенділері көтерген бастама халық тарапынан да қолдау көрді. Аумақты көгалдандыруға аудан тұрғындары да жұмылдырылып, игі істің жаршысы болды.
«Қаламыздың экологиясының жақсаруына сәл де болса үлесімді қосқаным үшін мақтанамын. Баламды да алып келдім бүгін», – деді қала тұрғыны Әсел Серғазы.
2020 жылдың жаз айында шаһар басшысы қарағай орманына өзі жұмыс сапарымен барып, жалпы аумағы 80 гектарды алып жатқан саябақтың құрылысымен танысты. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Алматының қарағайлы орманы» аумағында 470-тен астам қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды. Игі іс-шараға мегаполис басшысы Бақытжан Сағынтаев та қатысты. Көшеттерді егуге белсене қатысқан қала тұрғындарының әкімдікке алғысы көп.
«Алатау ауданының халқы, бүкіл қала халқы осындай 480 түп ағаш отырғызып, бәріміз қуанышқа бөленіп жатырмыз. Осындай елімізде жасыл желек көбейе берсін, Алматы қаласы көркейе берсін», – деді Алатау ауданының тұрғыны Ербол Байжанов.
«Алатау ауданында былтыр ақ қайың аллеясы ашылды, ол жаққа мыңнан астам ақ қайың егілді. Тұрғындар сол жақта көбірек демалатын болды. Сонымен қатар 2 мыңнан астам қарағай ағашы егілді», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жанысбаев.
«Шетсіз қала» және «Жасыл Алматы» бағдарламасы шеңберінде қала әкімінің тапсырмасымен көк майса үшін 73 гектар жер бөлінді. Жалпы алаңға 35 мыңға жуық түрлі ағаш отырғызу көзделген.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы