«Алматы-2025» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданында былтыр 18 бизнес жоба мақұлданған. Кіші және орта кәсіпкерлікті дамытумен қатар, аймақта әлеуметтік инфрақұрылым да жақсаруда. Енді «Жаңа Алматы» жобасы аясында 100-ге тарта көше салынбақ. Бүгінде оның жобасы жасалып та қойған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі толықтырсын.
Ыңғайлы, қауіпсіз жолдар, жөндеуден өткен тротуарлар. 2020 жылы Наурызбай ауданында атқарылған іс көп. «Ақжар» ықшам ауданында жүргіншілер өткелі жасалды. Қынагүл Таласбаева мектепте барар жолдың әлдеқайда қысқарғанын айтып, әкімдікке ризашылығын білдіруде.
«Мына мектеп салынғалы бері балшық, лаймен, анау карьерныймен айналып баратынбыз, тиіп тұрған жерге 1,5 сағатта баратынбыз. Ал енді қазір жолымыз салынып, әдемі жолмен 5-10 минутта барамыз. Бала-шағаға жақсы болды. Аяқтан аяқкиім қалдырмай, тоздырып тастайтын», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Қынагүл Таласбаева.
«Төле би көшесі «Ақжар» шағын ауданындағы көптеген жылдар бойы тупиковый болатын. Осы көшеде тұратын тұрғындар, соның ішінде 200-інші мектеп оқитын оқушылар мектепке жету үшін айналма жолмен жүретін. Ол деген 2-3 км. Ол өте ұзақ және кешкісін қауіпті болатын. Енді Наурызбай ауданы әкім аппаратымен шаралар қолданылып, осы жаяу жүретін жол ашылды», – деді Наурызбай аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.
Көшелерді жөндеу, жарықтандыру, балабақшалар мен мектептердің, қосымша нысандардың құрылысын жүргізу – «Жаңа Алматы» бағдарламасының негізгі міндеттері. Осылайша, Наурызбай ауданындағы барлық үлкенді-кішілі көшелер мен бағбандық аймақтардың барлығы толығымен жарықтандырылатын болады. Ал аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып жатқан «Бюджетке қатысу» жобасы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға септеспек.
«Аудан тұрғындары үшін 5 сабақ, 5 жасыл аймақ құрылды. Осы жұмыстардың шеңберінде балалар аулалары, уорк-аут алаңдар, спорт аймақтары салынды», – деді Наурызбай аудандық әкімдігі бөлімінің бас маманы Меруерт Мэлс.
Аудандағы үлкен жетістіктің бірі қала аумағында бірінші өндірістік парктің ашылуы болды. Мұндағы өндірістік орындар кәсіпкерлерге жалға беріледі. Онда қазір кеңсе жабдықтары мен жиһаздарды өңдеу бойынша 10 нысан жұмыс істеп тұр. Былтыр «Алматы -2025» бағдарламасы бойынша 18 бизнес жоба мақұлданған.
«2020 жылы аудан аумағында жалпы 18 жоба мақұлданды 3,4 млрд теңге көлемінде. Соның ішінде «Алматы бизнес -2025» бағдарламасына тоқталатын болсақ, ол бойынша ауданда 6 жоба мақұлданды. Жалпы сомасы 260 млн теңгені құрады», – деді Наурызбай аудандық әкімдігі бөлімінің бас маманы Жәнібек Сағит.
«Алматы-2050» даму стратегиясында басымдық берілген бағыттардың бірі – ол «Жаңа Алматы» бағдарламасының кешенді жоспары. Онда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында орталық немесе шет аудан деген айырмашылықтың болмауы көзделген.
Сая Меңдеке, Айдана Нұраш, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы