Дода: Almaty.TV- де музыкалық бағдарламаның жаңа маусымы көрерменге жол тартты
Бағдарламада эстрада жұлдыздары ән шырқап қана қоймай, музыкадан қаншалықты хабардар екенін көрсетеді
Әнге жаны құмар көрерменге сүйінші! Almaty.TV- де музыкалық бағдарламаның жаңа маусымы көгілдір экранға жол тартты.
«Дода» – талантты отандық әртістердің басын бір сахнада тоғыстырған ерекше тележоба. Бағдарламада эстрада жұлдыздары ән шырқап қана қоймай, музыкадан қаншалықты хабардар екенін көрсетеді.
Бұл ойынның негізгі өзегі – ән мен әуен. Қатысушылар қазақ музыкасының алтын қорындағы шығармалардан бастап, қазіргі таңда танымал трендтегі әндерге дейін білуі керек. Өнер иелері бұл жолы сахнаға ән айту үшін ғана шықпайды. Олар қойылған туындыны танып, орындаушысын, авторы мен сазгерін қарсыласынан бұрын жылдам атауы тиіс.
«Алматы» телеарнасына рақмет, әншілердің басын қосып жатыр. Бағдарлама әншілерге ұнап жатыр. Танымдық бағдарламада авторларды танып, қай жылы жазылған ән, кім жазған, қандай композитор – бәрін түсіндіріп айтып жатырмыз», – деді бағдарлама жүргізушісі Нұрлан Еспанов.
Қатысушылар әр шығарылымда бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, ұпай жинайды. Сондықтан мұнда жезтаңдай әнші болу – жетіліксіз. Туындыны бірден тани білу, шапшаңдық, есте сақтау қабілеті де қажет. Алғашқы ойындарға қатысқан өнерпаздар «жобаның бағыты өзгеше» деп баға берді.
«Керемет, арасында маған ұнағаны ағартушылық жағы бар. Көптеген ұлы ақындарымызды еске алып жатырмыз, композиторларымыздың әндерін, халық әндерін, бүгінгі жұлдыздары жарқырап, жанып жүрген бауырлар мен қарындастарымның әнін тыңдап, таңданып жатырмын. Керемет! Нұрлан Еспанов жүргізіп жатқан соңғ тіпті қызық болды», – деді әнші, сазгер Медеу Арынбаев.
Көрермен «DODA»-ның 16 шығарылымын тамашалай алады. Жобаға ондаған танымал өнерпаз қатысып, көпшілікке белгілі жүздеген ән орындалады. Музыканы жаны сүйетін көрермен үшін бұл – әнді тыңдап қана қоймай, өз білімін де сынап көруге мүмкіндік беретін жаңа жоба. «DODA» музыкалық ойынының алғашқы шығарылымы бүгін сағат 22:00-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.
Айдана Шалқар, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Ғасырлар қойнауынан жеткен Алматы: «Архитектор» бағдарламасының жаңа шығарылымы