Қала келбеті: Алматыны көгалдандыруға арналған экологиялық өнімге сұраныс артқан

Зауыт шығарған өнімнің 30 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспортталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өсімдіктің тынысын жақсартып, жайқалып өсуіне көмектесетін кәсіпорын жұмыс істейді. Сала қызметкерлері табиғи тыңайтқыш көмегімен ағаштардың жағдайын реттеп, зиянды заттардан арылтып, топырақ құрамын байытады. Бұл – қоршаған ортаға қалдық шығармайтын, химиялық қоспалар қолданылмайтын экологиялық таза өндіріс.

Almaty.TV-дегі «Қала келбеті» бағдарламасының кезекті саны қаланы көгалдандыру ісіне қолданылып жатқан зауыт өніміне арналмақ.

Алматының индустриалды аймағында заманауи, экологиялық өндіріске негізделген зауыт жұмыс істейді. Ауаға зиянды зат бөлмейтін, химиялық қоспаларды қолданбайтын кәсіпорында жұмыс процесінің барлығы қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жасалған. 4 жылдан бері компания ауыл шаруашылығына қажетті өнім шығарады. Үй жануарына арналған жемқоспа, өсімдікке керек тыңайтқыш өндіреді. Бастысы, мұнда талап толықтай ескерілген. Тауар халықаралық стандарқа сай келеді.

«Біздің бірегей технологиямыздың маңыздылығы – өндіріс барысында қоршаған ортаға зиян келтірмейміз. Қалдық жоқ. Зиянды химиялық заттарды да қолданбаймыз. Температуралық режим сақталады. Булану, түтін шығару процесі де болмайды», – деді компанияның өндіріс жөніндегі директоры Константин Белугин.

Жабдықтарды дайындауға қазақстандық инженерлердің еңбегі сіңген. Ал мамандардың айтуынша, шикізаттан өнім дайындауға небәрі 3 сағат жеткілікті екен. Қоспа одан соң 7 сағаттай жабдықтардың ішінде тұруға міндетті. Ал одан кейін барып қана сұйықтық арнайы құтыларға құйылады. Кейін сатылымға жіберіледі.

Тыңайтқыш пен жемқоспа құтыға құйылатын цехта да арнайы қондырғы орнатылған. Оның қуаттылығы сағатына кем дегенде 3 тонна сұйықтықты шығаруға жетеді. Атап өткен жөн, зауыттан шыққан табиғи өнім өсімдіктің дұрыс өсуіне, иммунитетін көтеруге, зиянды заттардан сақтауға және топырақ құрамын байытуға көмектеседі. Бұл бастама Алматы үшін өте тиімді болып отыр. Себебі, тыңайтқыш өскінді жолды тазартуға арналған химиялық қоспалардан арылтып, дереу қалпына келтіруге әсер береді. Ал өнімнің сапасы кәсіпорынның өз зертханасында қадағаланады. Қауіпсіздік бақыланады. 

«Өнімді ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға жолдаймыз. Мемлекеттік органдармен де жұмыс істейміз. Алматы әкімдігі қала аумағын көгалдандыру үшін біздің тыңайтқыштарды қолданады. Істің нәтижесін шаһардың әр ауданынан байқауға болады», – деді компания директоры Жамбыл Кенжебек.

Кәсіпорын ұжымын «Даму» қоры қолдаған. Ал қазірдің өзінде зауыт шығарған өнімнің 30 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспортталады. Жоспарға сай, табиғи тыңайтқыш пен жемқоспаны Аргентинаға да жеткізу көзделіп отыр.

Ұмытпаған жөн, жасыл технология әсері ауыл шаруашылығына ғана емес, Алматыдай мегаполистің тіршілігіне де пайда әкеліп жатыр. Соның арқасында қаланың экожүйесінде тұрақтылық қалыптасып келеді.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Жасыл импульс: Алматыда экологиялық форум өтіп жатыр

Новости партнеров