Тәуекелге тігілген тағдырлар: Алматылық құтқарушының жұмысы несімен қызық
«Жеңімпаз ұлт» айдарын талай тағдырға араша болған Сәкен Сисабаевтің еңбегіне арнамақ
Елімізде жыл сайын мыңдаған адамның өмірі мен мүлкі төтенше жағдайдан аман қалады. Қиын сәтте көмекке келіп, азаматтардың жанын сақтап қалу – құтқарушылардың басты міндеті. Осындай қауіпті де жауапты қызметте 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. жатқан Сәкен Сисабаев бүгінге дейін талай тағдырға араша түсті.
Almaty.tv тілшісі
Тауда адасқан туристі іздеу, қиын жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсету – құтқарушылардың күнделікті жұмысы. Қауіп-қатерге қарамастан, олар әр шақыртуға жедел жетуге дайын. Мәселен, бүгінгі біздің кейіпкеріміз күніне кем дегенде 10 адамның өмірін аман алып қалады. Олар үшін әр секунд қымбат.
Сәкен Сисабаев бұл салаға 2009 жылы Отан алдындағы борышын өтеген соң келген. Содан бері өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз орындап келеді. Ол аптап ыстықта да, сарышұнақ аязда да әрдайым сапта. Туристер ағылатын Алматы тауларында түрлі жағдай болады. Осындай сәттерде кейіпкеріміз өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, көмекке мұқтаж жандарды аман алып қалуға асығады. Ол үшін бұл – жай ғана мамандық емес, өмірлік таңдау.
«2009 жылы 23 жастағы жігітпін. Жаңадан өмір бастадым, үйленген кез. Сол жылдан бастап осы жұмыс мені тәрбиеледі. Қаншама адамға көмегіміз тиіп жатыр. Сол жағынан жұмысымды ауыстыра алмаймын. Құтқарылған адамдардың «рахмет» деп айтқан сайын шабыттана», – деді құтқарушы Сәкен Сисабаев.
Сәкен Құлжанұлының сөзінше, кез келген жан құтқарушы бола алмайды. Ол үшін су тасқынында да, құйын мен боранда да өзінен бұрын өзгелердің өмірін жоғары қоятын үлкен жүрек, шебер машық, физикалық дайындық пен батылдық қажет. Сәйкесінше, өзі ғана емес, қасындағы әріптестерінің де кәсіби тұрғыда шыңдалуына мән береді. Өйткені құтқару қызметінде бір адамның әрекеті тұтас топтың жұмысына әсер етеді. Сондықтан жігіт ағасы жас мамандарға білгенін үйретіп, кез келген жағдайда батыл әрі жауапты болуды талап етеді. Әріптестері де Сәкенді сыйлы азамат ретінде таниды.
«Құтқару қызметінде Сәкенді жалғыз емес, бүкіл әріптестеріміз құрметтейді. Өзінің сыйы, орны бар жігіт. Жұмыстан бөлек, Сәкеннің асаба. Отырыстың көркі болып, бәріміздің көңілімізді аулап, ұйымдастыру жағынан да өте мықты», – деді әріптесі Серік Жаңғақов.
Жұмыстан тыс уақытта Сәкен Сисабаевтың волейбол ойнағанды ұнататын тағы бір қыры бар. Спортты жанына серік еткен ол бос уақытын белсенді өткізуге тырысады. Ал үйде - аяулы жар, бес баланың әкесі, ата-анасының сүйікті ұлы. Өзі де көпбалалы отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз үшін жанұясының орны ерекше. Жақындары да оның әрдайым амандығын тілеп отырады.
«Қай жағынан болса да мен қолдау бердім. Өйткені, көзім жетті баламның жігерлі екеніне, оны түсінемін. Өзім әскерде болған адаммын», – деді әкесі Құлжан Сисабаев.
«Халыққа қызмет етіп, көмегі тиіп жатыр, қуаныштымын. Сағынамыз, жақсы көреміз, қолдаймыз. Әкемізді мақтан тұтамыз!», – деді әйелі Әйкерім Маханбетжанова
Сәкен Сисабаевтың басты ұстанымы – халыққа адал қызмет етіп, ел дамуына үлес қосу, ұрпағының бойына отансүйгіштік, сыйластық, ізгілік сынды асыл қасиеттерді сіңіру. Ол өз ісін ерлік деп санамайды. Ол үшін ең бастысы – қандай жағдайда да адамдық қасиетін жоғалтпай, таңдаған жолына адал болу.
Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы, Жайық Белғожаев
Оқи отырыңыз: Алматыда 50 мыңға жуық адамды орналастыратын арнайы қалашық жасақталады