Биыл елімізде 382 мың бала мектепке алғаш рет барады

31.08.2023 17:40

1 қыркүйекте бірінші сыныпқа баратындардың 70% мемлекеттік тілде оқиды

Ашық дерек көзінен

1 қыркүйекте 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды және оның 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

-Биыл 1-сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген. Балаларды қазақша оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында байқалып отыр, - деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі.

Жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жеткен. Яғни 188 900 оқушы. Жалпы 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық оқушы білім алады.

Сонымен қатар биылғы оқу жылын 55 мың бала жаңа мектепте бастайды. 2023 жылдың соңына дейін жаңа 132 мың орындық білім беру мекемесі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Елімізде барлығы 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар.

Оқи отырыңыз:Атырауда 1 қыркүйекте жол жүру тегін болады