Елімізде 19 мыңға жуық оқушы орнына арналған 15 жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, мектептер Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынды.
Айта кетсек, қор Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып, сыбайлас жемқорлардан кері қайтарылған қаражат есебінен толықтырылады.
Ол үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешуге және жалпы қосалқы құрылыс нысандарын салу мен мектептерді реконструкциялау арқылы оқушы орнының тапшылығын жоюға бағытталған.
«ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инфрақұрылымды дамыту департаментінің мәліметінше, мемлекет тарапынан балалардың білім алуына жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Қор құрылған сәттен бастап еліміздің бірқатар өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76,7 мың оқушы орнына арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бүгінгі таңда 63,2 мың оқушыға арналған 52 мектеп қолданысқа берілді», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Бұл мектептер 2025 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен барлығы 92 мың орындық 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматының Алатау ауданында жаңа мектеп ашылды