Еліміздегі диссертацияны қорғау кезіндегі жарияланымдарға қойылатын талаптар қайта қарастырылатын болды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«ҚР Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Бұған дейін докторант қорғау кезеңіне дейін жету үшін 7 мақала жариялауы тиіс болатын. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін докторанттар сапасы күмән тудыратын журналдарда жарияланымдар жасауға мәжбүр болды.
Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базалардан алынып тасталған, түкке тұрмайтын журналдарда жарияланған кездер де болды.
Осыған байланысты біз бұл тәжірибені өзгерту жөнінде шешім қабылдадық», - деді Білім және ғылым министрі.
Министрдің айтуынша, енді қарапайым ереже жұмыс істейтін болады – сапасы төмен журналдарда 7 мақаланың орнына, жоғары квартильге кіретін басылымдарда мақалалар жарияланса жеткілікті.
Ал бірінші квартиль құрамына кіретін журналдарда бір ғылыми мақала шыққан болса, өзге жарияланымдар талап етілмейді.
«Бұл шара сапасыз жарияланымдардың санын азайтып, жүктемені жеңілдетеді және ғалымдарды дәйексөздері таралу бойынша жоғары деңгейдегі оригиналды ғылыми мақалалар жазуға ынталандырады», - деп атап өтті А.Аймағамбетов.