Қазақстанда балабақшаға кезекке тұруға арналған бірыңғай база іске қосылады

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Жүйеде әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары да көрініп тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұруға арналған бірыңғай база іске қосылады. Себебі, қазір мұндай жүйе әр қалада жеке істеп жатқандықтан, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол беріледі екен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіндегілер мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Еліміз бойынша балаларды бөбекжайға тіркейтін бірыңғай базаны қазір құзырлы ведомство Цифрлық даму министрлігінің мандарымен бірлесіп жасап жатыр. Ол жүйеде әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары да көрініп тұрады. Яғни, оларға автоматты түрде тегін тамақ беру мәселесі сол арқылы шешілмек.

– Бұл қызметтің ашықтығын, деректің бірыңғай тізілімін және сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтуды қамтамасыз етеді. Отбасылық жағдайға байланысты ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымды таңдауының жаңа тәсілі пысықталуда, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева.

Цифрлық шешім демекші, қазір баланы бөбекжайға берудің жаңа тәсілі ойластырылып жатыр. Яғни, енді ата-ана тұрғылықты жері бойынша ғана емес, өзіне ыңғайлы бірнеше балабақшаға кезекке тұра алады. Жауаптылардың айтуынша, мұндай шешім мектепке дейінгі мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттырады.

– Ата-ана баласын мектепке дейінгі мекемеге берерде 4 балабақшаны таңдаса болады. Үйінің қасындағы, жұмысына жақын жердегі немесе ата-әжесінің алып кетуіне ыңғайлы болатындай кезекке тұруына мүмкіндік болады. Кезектің қалай жылжып жатқаны арнайы карта арқылы көрініп тұрады. Бұл да қызметтің ашықтығын көрсетеді, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева.

Елімізде жаңадан ашылып жатқан бөбекжайларда балалардың қазақ тілінде тәрбие алуына назар аударылып жатыр. Мәселен, қазір Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелердің 69 пайызы мемлекеттік тілде болса, 2 жыл бұрын бұл көрсеткіш 65 пайыз болған.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова

– 100 пайызға жететін уақыт та келеді. Алдағы үш немесе бес жыл шамасындағы уақыт көрсетеді. Қоғам, ата-ананың дайындығына да байланысты іске асады. Себебі қазір басқа тілде тәрбиеленіп жатқан балаларға да, ата-анаға да ол психологиялық стресс болады. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова.

Сонымен қатар биыл қыркүйекте балабақша педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсетіні белгілі болды. Яғни, елімізде 100 мыңға жуық маманның жалақысы көтеріледі. Айта кетейін, осы күні Қазақстанда 11 мың 320 балабақшада 1 миллионға жуық балдырған тәрбие алып жатыр.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Жазғы лагерьге бара жатқан бала пойызда қайтыс болды

Новости партнеров