Елімізде соңғы жылдары 18 колледж жабылды. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Соңғы жылдары еліміз бойынша 18 колледж жабылды. Олардың жабылу себебі лицензиямен байланысты емес, колледждерді оңтайландыру мақсатында осындай шара қолданылды. Яғни кейбір колледждердің қызметін қайта қарау керек болды. Негізінен бұл шара жеке колледждерге қатысты болды», - деді Насымжан Оспанова ОКҚ-де өткен брифингіде.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, колледждерде білім беру сапасын арттыру мақсатында бірқатар шара іске асырылды.
«Алдымен білім бағдарламасын әзірлеуде колледждерге академиялық еркіндік берілді. Білім бағдарламасын заман мен нарықтың сұранысына сай етіп дайындау керек. Әрине, білім беру туралы заңның шеңберінде әзірленеді. Ендігі уақытта оқу орны жұмыс берушімен, білім беру бағдарламасын нақты мамандық пен қажетті білім-білікті негізге ала отырып бірлесіп әзірлейді. Содан соң аталған білім беру бағдарламасы сараптамадан өтіп, кейін бағдарламалар реестріне тіркеледі», - дейді ол.
Оның айтуынша, аталған жаңашылдықты іске асыру басталып кетті, оның алғашқы нәтижесі биыл қыркүйекте дайын болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде техникалық және кәсіптік білім беру бағытында колледжге түскісі келетін талапкерлерге бірнеше мамандықты таңдау мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ Президент тапсырмасын орындау мақсатында отандық 282 колледж ірі бизнестің қамқорлығына беріледі.
Дереккөз: ҚазАқпарат