Даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына биыл - 330 жыл. Тарихи тұлғаның есімін ұлықтау үшін Алматыда мерейтойға орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиналғандар батырдың батылдығын, көш бастар даналығын, тарихта алатын ерекше орнын тілге тиек етті. Дарабоз атанған Қабанбай батыр кең-байтақ жерімізді жоңғар шапқыншылығынан азат еткен. Тарихшылар құжаттарға сүйене отырып, Қабанбай батыр өмірінде 103 шайқас өткізіп, бірде-бір рет жеңіліп көрмегенін айтты.
«Қабанбайға 15-тей ескерткіш орнатылған. Бұл Қазақстанның түкпір-түкпірінде Шымкент, Түркістаннан бастап Шығыс Қазақстанға дейін, Түркия, Қытайда да орнатамыз деп еді. Белгілі жағдайлармен болмай қалды. Қабанбай ұмытылып қалған жоқ. Әрқашан да халықтың жүрегінде. Бұл қазақтың бас батыры болғандықтан ешқашан ұмытылмайды», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай.
Ғылыми шараны өткізудегі басты мақсат - тұғырлы тұлға Қабанбай батырдың көзсіз ерлігін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Тарихшылар ер есімі, ел есінде мәңгі қалуы үшін тағы қандай іс-шаралардың атқарылуы керегін талқылады.
«Әрбір болашақ ұрпақ жүрегінде от, қазаққа деген сүйіспеншілік болуы керек. Соған үлгі, өнеге болатын, алдыға сүйрейтін тұлғалар керек. Соның қақ төрінде тұратын – Қабанбай бабамыз. Ендеше, бұл кісіні дәріптеуден қазақ халқы тек ұтады, ұтылмайды. Бүгінгі конференция соған қызмет етіп жатыр», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов.