Қазақстанда мұғалімдер тапшылығы артып келеді. Қазірдің өзінде білім саласында 3000-нан астам педагогқа сұраныс бар. Ұстаздардың жетіспеушілігі 2024 жылы ұлғаюы мүмкін екен. Бұл туралы Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министр мәліметінше, қазіргі күні кадр тапшылығы мәселесі жан-жақты зерделеніп жатқан көрінеді. Бұл мақсатта жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық бағыттарға грант саны 16 мыңға дейін көбейген. Тиісінше, студенттердің шәкіртақысы шамамен 3 есеге өсіпті. Министрдің айтуынша, алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектер мұғалімдерге деген сұранысты азайтпақ.
– Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бүгінде оның 72 пайызы жаңартылды. Осы және басқа да жүргізіліп жатқан өзгерістер педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және олардың заман талабына бейімделуіне бағытталған. Алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектер педагогтарға деген сұранысты азайтады деген болжам бар. Тек келер жылы педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ біз оны биылғы бітіруші түлектердің және магистратура түлектерінің есебінен қамтамасыз етеміз, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында оқушы жүкті болып қалған