«Алтын белгі» үміткерлері емтиханды жаңа талап бойынша тапсырады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова биылғы «Алтын белгі» үміткерлері тапсыратын емтихандарға қатысты өзгерістер жайында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Биыл «Алтын белгі» төсбелгісін иелену ережесіне өзгеріс енгізілді. Ондағы мақсат - ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Оқушылар емтиханды 5 пән бойынша тапсырады. Осы орайда ескеретін жайт, емтихан пәндері, тапсырмалардың мазмұны өзгерген жоқ. «Алтын белгі» емтихандары 5-11 сынып аралығындағы оқу бағдарламасы аясында әзірленеді. Биылғы басты өзгеріс үміткерлер математика пәнінен емтиханды Назарбаев зияткерлік мектебі базасында тапсырады. Яғни, аталған мектепке барады. Осы шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қолға алынып отыр. Өйткені оқушы өз мектебінде емтихан тапсырғанда, оған мұғалімі көмектесуі мүмкін», - деді Шолпан Каринова министрлікте өткен тікелей эфир барысында. 

Оның айтуынша, НЗМ базасында өтетін емтиханның мазмұны мен деңгейі бойынша өзгеріс жоқ. Емтихан тапсырмасы мектеп бағдарламасына сай әзірленеді. 

«Оқушы «Алтын белгіге» үміткер болу үшін 5-11 сынып аралығында барлық тоқсандық баға тек «5» болуы тиіс. Сонымен қатар, оқушы немесе ата-анасының шешімімен «Алтын белгіге» үміткер болудан бас тартуға да болады. Таңдау оқушының өз еркінде. Бас тартқан жағдайда оқушы барлық емтиханды өз мектебінде тапсырады. Сол сияқты «Алтын белгіден» бас тартқан оқушы үздік аттестат ала алады», - дейді ол.

Новости партнеров