|
01.06.2023 | 16:21
422

Апатты мектеп: Түркістан облысында оқушыларға қауіп төніп тұр

Балалар кабинетте тамақ ішіп, спортпен де сол жерде шұғылдануға мәжбүр

Апатты мектеп: Түркістан облысында оқушыларға қауіп төніп тұр Almaty.tv

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы мектеп оқушыларының соңғы қоңырауы қирауға шақ тұрған білім ұясында соғылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бой көтергеніне 14 жыл болмаған мекеменің жарты бөлігі адам өміріне қауіпті деп танылған. Осыны айтып, балалары үшін алаңдаған ата-аналар ауылға жаңа мектеп керек деп наразылық білдірді. Ал жауаптылар аумақта бала өсімі жоқтығын алға тартып ақталды.

Бұл – Түркістан облысы Сайрам ауданы Әсіларық ауылындағы орта мектеп. Білім ұясының жарты бөлігі апатты жағдайда. Соған қарамастан балаларымызды жыл бойы сабаққа жібердік деген ата-аналар әкімқаралардан қайран жоқ деп наразы.

«Биліктегі адамдар жылда келіп, мектептің жағдайын көріп кетеді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Құр уәде береді. Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз», – деді Әсіларық ауылының тұрғыны Данияр Жүсіпбек.

2009 жылы қолданысқа берілген мектептің спорт залына, киім ауыстыратын бөлмесіне, асханасы мен шеберханасына кіруге болмайды. Себебі ондағы қабырғаның барлығы жарылып, құлауға шақ тұр. Соның кесірінен оқушылар кабинетте тамақ ішіп, спортпен де сол жерде шұғылдануға мәжбүр.

«Мектепте кабинеттер саны аз. Дегенмен балалардың тамақтануына бір оқу кабинеті берілді», – деді мектеп директорының міндетін атқарушы Ақмөлдір Мыңбай.

Құлаудың шақ алдында тұрған мектепке қоса, жауаптылар жайлы білім ұясын да тұрғызуды ұйғарған. Осылай деген бұқара ол үшін тіпті жер де тауып қойғанын жеткізді. Бірақ кейін билік өкілдері күрделі жөндеуді жөн көріпті. Ол үшін енді бюджеттен 675 млн теңге сұрап отыр.

«Бала өсімі болмағандықтан негіз жоқ деп отыр. Себебі аталған мектеп орнына 300 орындық 2009 жылы берілген. Қазір 494 бала білім алса, қосымша бұл ауылға қажеті жоқ деп, ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Өткен жылдан бері біз 675 млн теңге бөлгізе алмай келе жатырмыз. Бұл жағдай қаржы тапшылығына байланысты болып отыр», – деді Облыстық адами әлеуетті дамыту орталығының өкілі Нұрлан Бақтыбаев.

Айта кетейік, адам өміріне қауіпті деп танылған 300 орындық білім ұясында 494 бала білім алады. Қалғаны мұнда оқуға қорқып, көрші ауылдың ақылы мектебіне ауысқан. Ал ақшаға оқытатын мүмкіндігіміз жоқ деген ата-аналар келер жылы жағдай өзгермесе, балаларымызды сабаққа жібермейміз деп тарқасты.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Жел тұрса, жарық өшеді: Алматы облысының тұрғындары полиция шақырып, арыз берді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир