Алматыда жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қалада 28 мың 700 төсек-орын тапшы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Cтуденттерді жайлы жатақханамен қамту – білім беру саласындағы өткір проблема. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті тағы 2 жаңа жатақхана салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздің ең көне медициналық университетінде бүгін 16 мыңға жуық студент білім алады. Оқу ордасында 3168 орындық 8 жатақхана бар. Университеттің басшылығы оқу жылының аяқталуына қарсы студенттер үйін аралап, санитарлық нормалардың орындалуы мен қауіпсіздік шараларының сақталуын тексеріп шықты.

– Жатақханада тұрып жатқаныма 4 жыл болды. Басқа университеттермен салыстырғанда ең төменгі, қолайлы баға дер едім, – деді студент Айгерім Тұрсыналы.

Жыл сайын ұлттық медициналық университетке 2 мыңға жуық білім алушы түседі. Қалыптасқан тәртіп бойынша оқуға жаңа түскен студенттер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар төсек-орынмен толық қамтылады. Биыл жатақханалардағы жөндеу, жаңарту жұмыстарына 574 миллион теңге жұмсалған.

– Оқу жылы 30 маусымда аяқталады. Студенттер кеткеннен кейін жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді жатақхана меңгерушісі Айнұр Бәкібаева

Университет биыл жыл соңына дейін 480 орынға шақталған жаңа жатақхана құрылысын бастайды. Оған қоса, оқу жылының басына дейін тағы бір студенттер үйі қолданысқа беріледі.

– Бірінші курсқа 2500 адам түсетін болса, тең жартысына жатақхана қажет. Әлеуметтік жағдайы нашар 1000-нан аса студент, соның ішінде жетім балалар жатын орынмен тегін қамтамасыз етіледі. Жаңа студенттер үйін салу жоспарланған, – деді С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің проректоры Убайдулла Датхаев.

Мегаполисте 35 жоғары оқу орны бар, онда 200 мыңнан астам студент білім алады. Биыл қалада 6 780 төсек-орынға арналған 15 нысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Петропавлда аутизмге шалдыққан балалар жертөледе оқуға мәжбүр

Новости партнеров