«HackDay online – 2020» фестивалі өз мәресіне жетті

almaty.tv
almaty.tv
Игі жобаны жүзеге асыруға «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоғамдық қоры» да қолдау білдірген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«HackDay online  – 2020» фестивалі қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл  инновациялық идеялардың тоғысқан алаңы. Онда өнерпаз жастар өз шығармашылығынан туындаған бизнес жобаларын ұсынған. Жүлдегерге Алматы қаласындағы «Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне» тегін оқу гранты мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Биыл байқау 9-рет өткізілді. Игі жобаны жүзеге асыруға «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоғамдық қоры»  да қолдау білдірген.

Осыдан 9 жыл бұрын басталған қазақстандық байқау бүгінде халықаралық дәрежеге жетті. Доданың мақсаты – жастардың уақытын тиміді өткізу және шығармашылық әлеуетін дамыту. Фестивальдің негізгі мазмұны «Кино мен бейнеролик», «Дизайн және анимациядан» тұрады. Шығармашыл мектеп оқушылары мен студенттердің басын қосқан бірегей жобаға биыл 3 мыңнан астам үміткер қатысты.  

«Байқауға қатысушылардың қызығушылығы жыл санап өсіп келеді. Мәселен 2011 жылы бұл байқауды 396 үміткермен бастап едік. Ал биыл 3600 қатысушыны қабылдадық. 20 сәуірде басталған бұл іс-шарамыз, 8 мамырда қорытындыланды. Егер анықталған жеңімпаз мектеп оқушысы болса оған университетімізге грант береміз, ал, студент болса ақшалай сыйлығымыз бар. Биыл студент жеңімпаз атанды», –  деді  Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Райса ӨСКЕНБАЕВА.

Биылғы байқау қатысушыларының географиялық ауқымы кең. Қазақстанның түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары мен бірге студенттер де өтінім тастаған. Байқаудың жеңімпазы - Аружан Таубалдиева қатысушыларға шығармашылық еркіндіктің берілуі фестивальдің ерекше тұсы екенін атап өтті.    

«Біз байқау барысында өз университетіміздің брендингін жасадық. Осы ретте ролик түсірдік және презинтациямызды ұсындық. Жобаны жасауға 1 апта уақыт кетті. Командамызда 3 адам болды. Бұл жерде әр адамның идеясы маңызды. Байқау барысында бізге шығармашылық еркіндіктің берілуі өзімізді жан-жақты дамуымызға мүмкіндік бермек», –  деді «Hackday online 2020» фестивалінің жеңімпазы Аружан ТАУБАЛДИЕВА.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты фестиваль алғаш рет online форматта өтті. Десе де бұл қатысушыларға еш кедергі келтірмеді. Үздік атанған үш жеңімпазға 200 мың теңгеден ақшалай сыйлықтан бастап, университетке түрлі жеңілдіктер табысталды.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы

Новости партнеров