«Болашақ» бағдарламасы жабылмайды. Ғылым және жоғары білім министрі халықаралық жобаға қатысты дауға пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Саясат Нұрбектің сөзінше, бағдарлама шартын бұзған түлекке қатысты тергеу амалдары аяқталған. Нәтижесінде «Болашақтың» бұрынғы стипендиаты Валерия Гавриленко соманы толығымен төлеуге міндеттелген. Ол аталған бағдарламамен Ұлыбританияға білім алуға кетіп, артынан қайтпаған. Кейіннен кепілге қойған мүлкін шығарып алған соң, оқудың ақшасын халықаралық жоба орталығы гарант болған үшінші тараптан талап еткен көрінеді.
– Екі-үш күн бұрын түлекпен сөйлестік. Толық өз кінәсін мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойды. Сол келісімшарт аясында ол «ақшаны қайтарамын» деп міндет алды. Бас прокуратура тиісті заңнама аясында жауапты тұлғаларға қатысты да жұмысты бастап кетті. Ал осы бір шулы жағдай «Болашақ» бағдарламасына балта шабады деп есептемеймін. Бағдарлама керек деп ойлаймын. Өйткені Қазақстанда кей салада маман тапшы, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Оқи отырыңыз: Алматылық оқушыға Президенттің алғысхаты табыс етілді