Алматыда балаларға арналған тегін үйірмелер саны артып жатыр. Солардың бірі Жұлдыз ықшам ауданында ашылды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тарту етілген орталықты Түрксіб ауданы әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп салған, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бұл орталықты біздің партияның бағдарламасына сай ашып жатырмыз. Қазіргі уақытта қала бойынша 50-ден астам осындай орталық болса, соның 13-і Түрксіб ауданында орналасқан. Алдағы уақытта да осындай игі істерге көмек қолын созуға дайынмын», – деді Нұр Отан партиясының мүшесі, кәсіпкер Шухрад Шардинов.
Мұнда келген балалар би билеп, ән айту, қазақша күрес секілді көптеген үйірмеге тегін жазылып, қатыса алады. Одан бөлек ұйымдастырушылар бұл жерге кәсіби мамандарды шақыртқан.
«Осындай демалыс орталығын ашып беріп жатқанына қуаныштымыз. Үлкен рақмет айтамыз. Бастысы балаларымыз демалыстарын өте тамаша өткізетін болды, соған қуаныштымыз», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Кәмшат Тұржыбарова.
Алдағы жылдары да осындай орталықтар ашылу жоспарлануда. Бұл жайында Қалалық жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры жоспарын айтты.
«Осы жылдың аяғына қарай және келесі жылы бағдарлама аясында тағы да осындай орталықтар ашу ойымызда бар. Яғни, бұл жолы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын қамтығымыз келеді», – деді Алма Ауғанбаева.