Алматыда өз кітаптарын студенттерге мәжбүрлеп сататын мұғалімдер әлі де бар – сауалнама

Алматыда өз кітаптарын студенттерге мәжбүрлеп сататын мұғалімдер әлі де бар – сауалнама
Шаһардағы 33 университетте зерттеу жүргізіліп, олардың 15-де студенттер жемқорлыққа шағымданған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық студенттердің 30 пайызы өздері оқитын оқу орындарында жемқорлықпен бетпе-бет келген. Бұл ақпарат бүгін «Адалдық алаңы» атты жобаның қорытынды жиынында айтылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зерттеу сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ, заңсыз материалдық пайда табу фактісін анықтау үшін ұйымдастырылған еді. «Алматы адалдық алаңы» атты жобаны өткізудің мақсаты – параға жоламайтын, адал, әрі шынайы өмір сүруді қалаған саналы ұрпақты тәрбиелеу.

Жоғары оқу орындарының студенттері арасында сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша анонимді әлеуметтік сауалнама 1 және 4 сәуір аралығында жүргізілген болатын.

«Зерттеу 33 ЖОО-да жүргізіліп, оның 15-де студенттер жемқорлыққа баратын мұғалімдерінің аты-жөндерін атап көрсетті. Айтуларынша, олар өздерінің кітаптарын студенттерге сатып, жемқорлықтың өзге де жолдарына баратын көрінеді. Әрине, біз ол педагогтардың атын атап, түсін түстей алмаймыз, бұл тек әлеуметтік сауалнама. Ал, оның қорытындысын сол ЖОО басшыларына өткіземіз, шешімді солар қабылдайды», - дейді Республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан ТОҚЫШЕВ.

Жиынға ректорлар да қатысып, қоғамның дертіне айналған жемқорлықты жоюдың жолдарын талқылады.

Оқу орындарында жемқорлық индексін анықтайтын анонимді сауалнама жылына екі рет өтеді. Енді шәкірттерден сыйлық дәмететін ұстаздарды тәртіпке салумен ректорлардың өздері айналыспақ.

Новости партнеров