Түркістан облысы Жетісай ауданында өгей анасы балаларына жәбір көрсетті деген күдікке ілінгенін бұған дейін хабарладық. Жас келіншек қазір қамауға алынған. Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төбе шашты тік тұрғызар бейнежазбалар мен фотосуреттер бас-аяғы бірер күнде әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге тарап үлгерді. Facebook белсендісі Әсет Әссанди өзінің постында: «Кәмелет жасына толмаған қыздардың тырнақтарының астына қайта-қайта ине тығып, жылайын десе, қинап езу тартқызған. Тоңазытқышқа бірталай уақыт отырғызып қойып, денелеріне қайшымен жарақат салған, тіпті жыныстық мүшелерін кемпірауызбен қысып, азаптаған» - деп жазады.
Жұртты дүрліктірген мәселенің мән-жайын анықтау үшін Түркістан облысында арнайы комиссия құрылған. Бұл іс қазір еліміздің Ішкі істер министрі мен облыс прокурорының жіті назарында.
«Жетісай ауданындағы бір отбасында өгей анасының балаларын қатігездікпен ұрып-соғып, дене жарақаттарын салу арқылы зорлық көрсеткен оқиғасын құзырлы органдар негізге алды. Оқиға Жетісай аудандық полиция бөлімінде 12 сәуірде тіркелді. Қазіргі таңда Қазақстан республикасының Қылмыстық кодексінің 140-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті әйел уақытша қамауға алынды», – дейді Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат ҚАРАКӨЗОВА.
Түркістандық полицейлер аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 147-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да ескертті. Бұдан бөлек, қазіргі таңда өгей анасын ғана емес, қыздардың әкесін де ата-ана құқығынан айыру жөнінде мәселе қарастырылуда. Ал, комиссия балаларды әжесінің қарауына берді. Бүгінде олар дене жарақатымен Жетісай аудандық орталық ауруханасына жатқызылған.
Салтанат Нысанбек