Еліміздің ең мықты жас зерттеушілері республикалық ғылыми жобалар байқауында бағын сынап жатыр. Биылғы зияткерлік сайыстың ерекшелігі оқушылардың қорғаған жобасы онлайн режимде бақыланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Білім сайысына қатысушылар 18 пәннен еңбектерін ұсынған. Бұған дейін мектепаралық, ауданаралық, облыстық деңгейде жарысқан. Нәтижесінде, қорытынды кезеңге 811 оқушы өтіпті. Олар 625 ғылыми жобаны таныстырады.
«Осы байқаулар біткеннен кейін арыздар түсе бастайды. Әр ата-ана өз баласын әрине, артық көреді, «ең үздігі болды» деп ойлайды. Дегенмен, қабылданатын жұмыстың бәрі қазіргі заманда заманауи әрі креативті болуы тиіс. Тақырыбы да ерекше әрі өзгеше шешімдері болуы керек. Қойылған талаптарға сай өткізілген жобалар әділ бағасын алады», – деді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира СҰХАНБЕРДИЕВА.
«Осы жобаға этномәдениеттану секциясы бойынша қатысайын деп жатырмын. Менің тақырыбым – әлемдік ойындар арқылы қазақ мәдениетін интеграциялау. Менің осы жобам арқылы ойыншы бала ұлтымыздың құндылықтарын, тарихын сақтауға септігін тигізеді», – дейді ғылыми жобаға қатысушы Надия МҰХАМЕДХАН.