|
13.02.2019 | 18:59
4556

Алматыда ауған соғысының ардагерлері оқушылармен кездесті

Ауған соғысына Қазақстаннан 22 269 адам аттанып, 1 мыңға жуық сарбаз жау қолынан қаза тапқан

Алматыда ауған соғысының ардагерлері оқушылармен кездесті

Ауған соғысының ардагерлері Алатау ауданының оқушыларымен кездесті. Шараға 50-ге жуық интернационалист жауынгерлер мен 200-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиын алдымен «Қара майор» атанған Борис Керімбаевтың қазасына байланысты бір минуттық үнсіздікпен басталды. Содан кейін ардагерлер жеткіншектерге патриот болуға үндейтін баяндамаларын оқып, 30 жылдық мерейтоймен құттықтады. Мұндай кездесулер жастарды жігерлендіреді дейді ұйымдастырушылар.  

«Бүгін оқушылар Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, тілдесті. Сарбаздар Ауғанда көздерімен көргендерін айтып, бозбалаларды ержүрек батыр болуға шақырды. Өздеріңіз білесіздер, жақында Қорғаныс министрлігі, қала әкімдігі және Республикалық қоғамдық бірлестік үшжақты меморандумға қол қойған болатын. Келісім аясында Алматының жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеп, әскери қолданбалы спорт түрлеріне үйрететін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Гауһар СЫРЛЫБАЕВА.

Шара барысында ардагерлер Алатау ауданының 200-ден астам бозбалаларына «әскерге жарамды құжат» табыстады. Сонымен қатар, жиналғандар сұрапыл соғыс туралы фильм тамашалап, оқушылар сахналық қойылым көрсетті.

Айта кетейік, Қазақстаннан ауған соғысына 22 269 адам аттанған екен. Мыңға жуық сарбаз жау қолынан қаза тапса, тағы 1 мыңы мүгедек болып оралған.  21-і із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында. Қару асынып, жауға қарсы тұрған ержүрек батырларды дәріптейтін мұндай жиынды жиі өткіземіз дейді Қорғаныс істері жөніндегі басқарма өкілдері.  

«Соғысқа қатысқан ардагерлерімізді дәріптеп, балаларға патриоттық жағынан бағыт береміз. Кездесулер өткіземіз. Сондықтан біздің алға қойған негізгі мақсатымыз – әскери патриоттық тәрбиені балалардың жүрегіне жеткізіп, рухын көтеріп, Отан алдындағы қызметтерін адал атқарып, елге қызмет етуге баулу», – деді Алматы қаласы №156 мектептің мұғалімі, ұйымдастырушысы Оразбай НОҒАЙБАЕВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир