|
03.08.2023 | 19:38
5438

Жамбыл облысында 17 мектептің құрылысы тоқтап тұр

Облыста 1 апатты және 3 ауысымды 4 мектеп бар

Жамбыл облысында 17 мектептің құрылысы тоқтап тұр Almaty.tv

Жамбыл облысында күрделі жөндеу жасалып жатқан 17 мектептің жартысына жуығының құрылысы тоқтап тұр. Сол себепті жаңа оқу жылында өңірде мектеп жетіспеуі мүмкін. Биыл жоспардағы 6 мекеменің құрылысы кеш басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылысы кеш басталған білім ошағының бірі – Тараздағы № 28 мектеп. Мұнда 600 бала оқиды. 50 жыл бұрын салынған ескі ғимаратты жаңалау жұмыстары уақытылы аяқталмайтын сыңайлы. Сондықтан білім ұясының басшылығы оқушыларды онлайн оқытудың қамына кірісіп кеткен.

– 1 сыныпқа баратындар мен 9-11 сынып оқушылары көрші мектепте оқиды. Өйткені бітіруші сыныптар дәстүрлі оқу форматында оқуы керек. Ал басқаларын онлайн оқыта тұрамыз. Біз ұсынысты Тараз қалалық білім бөліміне жолдадық. Олар қолдап отыр, – деді №28 мектеп директоры Светлана Гурская.    

Облыс бойынша биыл 17 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оған бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінген. Жалпы құрылыстың кешеуілдеуіне мердігерге берілетін рұқсат қағаздың уақытнан кешігуі және жұмысшылардың тапшылығы әсер етіпті.

– Қазіргі таңда құрылыс есебінен бәріне қаржы қарастырылып, 2024-2025 оқу жылында 3 ауысымды мектептердің мәселесін шешеміз деп жоспарланып отырмыз. Ал бір апатты мектеп мәселесі келесі жылы шешіледі. Өйткені мемлекеттік сараптамаға жобалық-сметалық құжаттамасы өткізілді, – деді Білім басқармасының бөлім басшысы Динара Жаңабаева.

Бұдан бөлек, аймақта бірнеше мектепті жөндеу жұмысы маусым айының соңы мен шілдеде ғана басталған. Мамандар оның себебін «мемлекеттік сатып алу жұмысының баяу жүргізілуі» деп түсіндірді. Айта кетейік, облыста 1 апатты және 3 ауысымды 4 мектеп бар.  

Жомарт Есқара, Елдар Ғиззатуллин, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Баланы мектепке дайындау үшін қанша ақша керек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир