|
31.01.2019 | 16:48
6450

Алматылық оқушылар робототехникадан АҚШ-та өтетін жарысқа қатысады

Алматылық оқушылар робототехникадан АҚШ-та өтетін жарысқа қатысады

Еліміздің оқушылары робототехника бойынша АҚШ-та өтетін дүниежүзілік жарыста бағын сынамақ. Қазір алматылық үздік құлтемір құрастырушылар тыңғылықты дайындық үстінде. Шет елдегі сайыстың алдында, яғни, 23 ақпанда елімізде республикалық жарыс ұйымдастырлымақ. Сынақтан сүрінбегендер енді Қазақстан намысын қорғауға тырысып көрмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылық оқушы Мұхаммад Оспанның робототехника саласына деген қызығушылығы екі жыл бұрын басталған. Оның құлтемір құрастыруға бет бұруына өзі оқып жүрген мектеп қабырғасында ашылған курс ықпал етіпті. Осы уақытқа дейін қалалық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген. Қазір ол АҚШ-та өтетін әлемдік сайысқа қызу дайындық үстінде.  

«Осы қыркүйектен бастап дайындалып жүрмін. Негізінен, екі жарысқа қатысып орын алдым. Солай қатысып келе жатырмын. Мен бұл курс туралы досымнан естігенмін. Тек осы жерде ғана VEX деген роботтар бар. Олар ең соңғы үлгідегі және осы халықаралық жарыстарға қатыстырылатын роботтар», – дейді бойын сақтаныш билеген Мұхаммад ОСПАН.

VEX Robotics жарысы сәуір айында өтетін болады. Десе де балаларға тапсырма 1 жыл бұрын берілген. Атап өтерлігі, жарыс шарты өзгеріп тұрады. Мәселен, биылғы сайыскерлерге берілген тапсырма бойынша өздерінің құрастырған роботы алаңнан жүріп өтіп, айрықша фишкаларды бір бұрышқа жинауы тиіс.

«VEX Robotics жарысы дүниежүзі бойынша өте қарқынды дамуда. 12 жыл бұрын олар осы саланы VEX компаниясы бастаған. Қазір 50-ден астам мемлекетке қатысу мүмкіндігі берілген. Миллионға жуық команда қатысады. Яғни, Қазақстанға халықаралық деңгейге шығуға бірінші рет мүмкіндік беріліп тұр», – деді «Vex Robotics» жарысының ұйымдастырушысы Мұхаммад Әсет.

АҚШ-та өтетін сайысқа дайындық сабағына қатысуға 300-ден астам оқушы ниет білдірген. Соның ішінен 32 жеткіншек іріктеліп алынған. Тең жартысы жоғары сынып оқушылары. Өрендерді додаға дайындау үшін шетелден робот саласының білікті маманы шақыртылыпты.

«Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Оқыту сабағы аяқталуға жақын. Жарысқа дайындығын пысықтаған соң 3 аптадан кейін олардың білімін сынайтын боламыз. Сол кезде АҚШ-та өтетін жарысқа кімнің жолдама алатыны белгілі болады», – деді «Vex Robotics» жарысының ұйымдастырушысы Томас ЛУМ.

«Біз қазір жарыстарға дайындалып, роботтарды жасап жатырмыз. Әртүрлі функцияларға жауап беретін роботтар болады. Жалпы, курс өте қызықты. Бізге ұнайды. Аптасына бір рет келу керекпіз. Бірақ кейде бос уақытта да келіп, дайындалып жатамыз. Себебі, бұл өте маңызды әрі қызықты курс, сондықтан жиірек келуге тырысамыз», – дейді Нұрсая КӨПСЕКБАЕВА.

23 ақпанда Алматыда республикалық жарыс ұйымдастырылмақ. Сайысқа Гонконг, Ауғанстан елінен де оқушылар шақыртылған. Оған қатысатын 30 команданың 4-уі АҚШ-тағы робототехника жарысына жолдама алады.  

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир