Баламды қылғындырып, ұрған: балабақшадағы тәрбиешінің ісіне шағымданған ана арыз жазды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тәрбиеші өз еркімен жұмыстан кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Баламды қылғындырып, камера жоқ жерге апарып ұрған». Осылай деп арнамызға сұхбат берген көпбалалы ана тәрбиешінің және балабақша директорының үстінен арыз түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арызданушының айтуынша, баласы 6 қазанда балабақшаға бармайтынын айтып, жылаған. Содан ата-анасы сұрастыра келе, тәрбиешінің дөрекі қылығын камерадан көрген.

Бұл кадрлар балабақшадағы бейнекамераларға түскен. Жаңадан келген тәрбиеші төсектегі баланы бірнеше рет жұлқып оятқаны көрінеді. Мұны ата-ана бес жасар баласының бөбекжайға бармаймын деп байбалам салғанынан кейін білген.

– 6 қазанда балам «жаңа мұғалім мені қылқындырды» деді. Сейсенбіде балам жылаған соң алып кеттік. Жұмада прокуратураға арыз жаздық, – деді ата-ана Айя Болысбекова.

Көпбалалы ананың төрт баласыда осы балабақшада тәлім алады. Айына әр балаға 300 мың теңге төлейтін ана «бағасына лайық қызмет көрсетсе» дейді. Ал тәрбиешіден таяқ жеді деген баланың әпкесі інісінің мінезінде де психологиялық өзгеріс пайда болғанын айтып қалды.

– Мен видеоны көріп уайымдап, жылап алдым. Ескендір менің өз баламдай болып кеткен. Оның мінезі ашық, бәрін айтып береді. Сондықтан тәрбиешінің ұрғаны да рас болып тұр, – деді баланың әпкесі Алина Ким.

Бұл мекемеге түсірілім тобын да әзер кіргізді. О баста тек тілшілермен сөйлесеміз деп, баланың ата-анасын сыртта қалдырмақ болды. Кейін полиция өкілдері келген соң басқа амалы болмады. Өйткені тергеу жұмысы барысында заң бойынша ата-ана кіруі тиіс.

Құзырлы орган өкілдері мән-жайды сұрау мақсатында бейнебақылау камераларын қарап шыққанын айтты.

– Мен видеоны көрдім. Әрине, тәрбиешінің қылығын құптамаймын. Біз дер кезінде шара қолдандық. Ол тәрбиеші өз еркімен жұмыстан кетті, – деді балабақша директоры Светлана Рыбакова.

– Аталмыш дерек бойынша Медеу аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Баланың алған дене жарақатын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама жүргізілетін болады, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Ал аталған балабақша қарайтын қордың өкілдері бейнежазбадан шу шығаратындай ештеңе көрбейтінін айтты. Олардың айтуынша, нақты дәлел жоқ. Оның үстіне баланың сол күнгі мойынын суретке түсіріп алдық деп көрсетті.

Дегенмен бұл іске қатысы барлардың қандай жаза алатыны тек тергеуден соң белгілі болмақ.

Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Павлодарда мас күйінде көлік айдаған мектеп директоры жұмыстан қуылды

Новости партнеров