«Үлкендер жолы – ұлылық». Дәл осындай атаумен №204 жалпы білім беретін мектепте ардагер ұстаздармен кездесу өтті. Білім саласында аянбай еңбек еткен зейнеткерлер ұстаз еңбегінің маңызы жайлы ой толғады. Жас мамандар аға буынның еңбек жолымен танысып, педагогика саласына қатысты тың кеңестер алды. Іс-шара халықаралық қарттар күні мен алда келе жатқан ұстаздар күнінің қарсаңында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мен үшін өте қуанышты күн. Әрбір ұстаз үшін балаға білім беріп, елге құрмет көрсетуді үйретіп, тәрбиелеуден артық ештеңе жоқ, – деді ардагер ұстаз Мекебай Бұзаубек.
– Адамның өмірінде алғаш әріп танытып, соларға тәлім-тәрбие беру – қиын жұмыс, – деді Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағатулла Таубалды.
Ауыртпашылығы мен жауапкершілігі мол кәсіпті атқарып жүрген мұғалімдерге алғыс білдіру мақсатында Әуезов ауданы әкімінің аппараты да мерекелік іс-шара өткізді. Білім мен ғылым жолында еңбек етіп, үлесін қосқан азаматтар арнайы Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Мен ұстаздар отбасынан шықтым. Отбасылық династия деуге болады. Әкем – математик, шешем – тарихшы. Мен де ұстаздық жолын таңдап, 1985 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімімін. Биыл 38 жыл болды, – деді бастауыш сынып мұғалімі Шәрзия Мақұлбаева.
– Ғалым да, шахтер де, әкім де ұстаздан білім алады. Ұстаздық ету оңай емес. Әрбір кіп-кішкентай баладан үлкен маман шығару кез келген ұстаздың қолынан келе бермейді, – деді қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнұр Аралбаева.
Оқи отырыңыз: Алматыда қарт адамға арналған ай қалай өтеді