«Балаларымыз түрмеде отырғандай». Бұл – лагерьден баласын алып кетуге келген ата-аналардың жанайқайы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – «баламды жазғы лагерьден алып кетемін» деп келген бесінші ата-ана. Еңбекшіқазақ ауданынан келген ананың айтуынша, баласы сол күні-ақ шағым айта бастаған.
– Мен жалғызбасты анамын. Кіші қызым да мүгедек. Осы жерде қызым жүр. «Мама, менің телефоным жоқ» дейді. Ағайыңнан сұра десем, тәрбиешісі баланың қасында жоқ екен, – дейді ата-ана Гүлжанат Аманқожаева.
– Мектептен 6 бала келді. Хабарласып, ұнамайтынын айтты. Көзімізбен көргелі, ата-аналарды алып келдік, – деді Еңбекшіқазақ ауданы мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Құсайынова.
Ата-аналар арызданған балалар лагерінен бірнеше оқушыны алып кетті. Олардың айтуынша, мекеменің қызмет көрсетуі ұнамаған. Тіпті кей балалардың іші ауырып, денсаулығы сыр бере бастаған.
Ал жазғы лагердің жауапты өкілінен жауап алу бірден мүмкін болмады. Алғашында алдымызды кескен ол камераны өшіріп, жеке сөйлесуге шақырды.
– Ата-аналардың арызы болса, арнайы органдарға жазады. 17 бала 1 бөлмеде неге жатқанына жауап бере алмаймын. Мен бағдарламаға ғана жауаптымын. 400-ден аса бала жатыр. Әр отрядта екі тәрбиеші болуы керек, – деді демалыс орнының атқарушы директоры Нұрым Нұрбаев.
Баласын қалдырғысы келмеген ата-аналардың арызын тыңдауға келген құзырлы орган өкілдері де ереже бұзылғанын ашып айтты. Тіпті ата-аналардың арызын қабылдады.
– «Тау-Лэнд» лагерінде тексеріс барысында заң бұзылғаны анықталды. Атап айтсақ, санитарлық норма сақталмаған. Өрт қауіпсіздігі бұзылған. Қазіргі таңда қадағалау актісі енгізілді. Ата-аналар келіп тұр. Бірге көрдік. Қазіргі таңда төрт баланы алып кетті. Арыз жазып жатыр, – деді Жамбыл ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Кенжебекұлы.
Құзырлы орган өкілдері іс қозғалғанын да хабарлады. Тексерістен соң тиісті шара қолдананылады. Әзірге лагерь жұмыс істеп тұр.
Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Пойыздағы бала өлімі: анасы ұлының өліміне не себеп болғанын айтты