|
31.08.2020 | 21:47
10388

Қашықтан білім беру кезінде жұмыс жүктемесі көбейген ұстаздардың айлығына қосымша ақы төленеді

Бір сынып екі топқа бөлінуіне байланысты сабақ сағаттары көбейеді

Қашықтан білім беру кезінде жұмыс жүктемесі көбейген ұстаздардың айлығына қосымша ақы төленеді Фото: zakon.kz

Қашықтан білім беру кезінде жұмыс жүктемесі көбейген ұстаздардың айлығына қосымша ақы төленеді. Ол туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бір сынып екі топқа бөлінуіне байланысты сабақ сағаттары да көбейіп отыр. Сәйкесінше ұстаздың еңбекақысы да екі есеге ұлғаяды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек.

Білім және ғылым минстрі мектепке кіре берістен санитарлық талаптардың сақталуын тексерді. Биыл қалалық жерлерде негізінен бастауыш сыныптары мектепке барып білім алады. Сол себепті антисептиктер құйылған санитайзерлердің орнатылуына дейін мән берді. Бұл жолы мақсатымыз - карантин кезінде жіберген қателіктерімізді енді қайталамау дейді Асхат Аймағамбетов.
«Тосыннан болған жағдай ғой. Сондықтан төртінші тоқсанда біздің әріптестеріміз үшін бұл өте қиын жағдай болып тұр. Жаз уақытында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Өздеріңіз көріп отырсыздар баланың бойына дейін мысалы, біз оны да айтқанбыз. Мысалы, кішкентай бала болса, санитайзерді үлкен адамның бойындай ыңғайсыз деңгейде қоймау деген секілді, балаларды отырғызу, балаларға әртүрлі уақытта сабақтың басталуы, балалардың ара қашықтықты сақтауы, қолын жууы, басқа да гигена мәселелерін түсіндіру деген сияқты, оның барлығын біздің әріптестеріміз жақсы меңгеріп, балаларға жеткізіп, ата-аналармен үлкен жұмыс жүргізіп жатыр», –  дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. 
Ұстаздар білім беретін интернет платформаларының ыңғайлылығы мен мектеп тарапынан жасалған жағдайлар туралы айтты. Жаңа оқу жылына министрлік 8 платформа әзірлеген болатын. Сонымен қатар, жаңа сандық технология тілін меңгеріп, қашықтан қиналмай сабақ беру үшін курстардан өткендерін тілге тиек етті. Асхат Аймағамбетов бір бастауыш сыныбына бір күнде екі рет сабақ беретін ұстаздардың еңбекақысы да көбейетінін жеткізді.

«Қосымша ақы деуге болмайды бұны. Педагогикалық жүктеме деген дұрыс. Қауіпсіздікті сақтау үшін сыныптарды 15 баладан екіге бөлгендіктен сағат саны да көбейіп, мұғалімнің жүктемесі де артады.  Сәйкесінше, әріптестеріміздің еңбектері елеусіз қалмайды», – дейді министр.
Бастауыш сынып оқушылары білім алатын кабинеттерде барлық санитарлық талап сақталған деп сендіреді ұстаздар. Кабинеттің ішінде өздеріңіз көріп тұрғандай мынадай арнайы белгілер жабыстырылған, яғни баланың қаперіне 1,5 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау керектігін естеріне салады. Сондайақ бір партада 1 оқушыдан ғана отырады. Ал, кабинеттің ішінде 15 балаға дейін ғана білім алады.
Елордадағы №73 мектеп-лицейінің бастауыш сыныптарында 1100-ден астам бала оқыса, соның 800-ден астамы мектепке келіп білім алуға өтініш білдіріпті. Ал, бірінші сыныпқа қабылданған 270 оқушының 250-і дәстүрлі түрде сауаттарын ашуды жөн көрген. Жалпы, қашықтан оқыту білім сапасының төмендететінін ұстаздар қауымы жасырмайды.

«Онлайн формат білім сапасына кері әсер етеді деп айтады. Бірақ біздің мектеп бітірген 11-сынып оқушылары үшін  қалай болады деп алаңдағанбыз. Өйткені төртінші тоқсан тұтас олар қашықтан оқыды ғой. Ұзақ мерзімді нәтиже туралы айт алмаймын. Оны зерттеу керек әрине. Жалпы бетпе-бет келіп оффлайн оқығанға не жетсін! Ол жерде бір-бірімен әлеуметтік әрекеттесу болады. Эмоционалды жақындасу болады. Оның барлығы балаға жақсы әсер етеді ғой», – дейді №73 мектеп-лицейінің директоры Құралай Байтәжікова.
Бүгінгі күні ел бойынша 434 мың оқушыға уақытша пайдалануға компьютер берілген. Айта кетейік, Үкімет басшылығы 1 қыркүйекке дейін 500 мың компьютер таратуды тапсырған еді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир