|
24.05.2021 | 23:19
4435

«Алтын белгіге» үміткерлердің емтихан жұмысын арнайы комиссия тексереді

Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, оқу озаттарының жұмысын қадағалау үшін білім басқармаларының жанынан арнайы топ құрылмақ

«Алтын белгіге» үміткерлердің емтихан жұмысын арнайы комиссия тексереді bilimdinews.kz

Ендігіде «Алтын белгіге» үміткерлердің емтихан жұмысын арнайы комиссия тексеретін болады. Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, оқу озаттарының жұмысын қадағалау үшін білім басқармаларының жанынан арнайы топ құрылмақ. Елеулі өзгерістерге жиі ұшырайтын саланың мамандары не дейді? Енгізілген жаңалықты оқушылар қалай қабылдады? Almaty.tv тілшісі толықтырсын.

Жаңа бұйрыққа сәйкес, енді мектептер оқу озаттарының тізімін өздері жасай алмайды. Яғни, комиссия сынақ жұмысын тексергеннен кейін нәтижелерді білім беру мекемелеріне жібереді. Тек содан соң ғана мектеп директорының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімі бекітіледі. Десе де «мұндай өзгеріске оқу жылы басталғалы бері дайын болдық»,дейді мамандар.

«Комиссия мүшелері қаладағы білікті де тәжірибелі сол пәннің мұғалімдерінен жасақталған. Сол пән мұғалімдері жазба жұмыстарын тексеріп, өздерінің пікірлерін жазып, бағаларын қояды», – деді Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры  Эльмира Бидайбекова.

2020-2021 жылғы оқу мерзімінде елімізде 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Олардың 9822-сі «Алтын белгі» иегерлері. «Ұлттық бірыңғай тестілеуден бөлек, тағы бір сынақтың қосылғанына іштей дайын болғанбыз», дейді оқу озаты.

«Алтын белгі үміткерлері үшін тағы да күш қосылатын болды. Әрине, ол қиын болатыны барлық адамға мәлім. Дегенмен біз ол сынақтан да өтеміз деп ойлаймын. Мемлекеттік емтихан бәріне бірдей, біз барлық күшімізді салып, оны жақсы тапсырып шығатынымызға күмәнім жоқ», – деді 11-сынып оқушысы Аһадбек Жақсылықов.

Ал аудандық білім бөлімінің айтуынша, «Алтын белгіні» беру талаптарына қатысты ереже 2019 жылдан бері бар. Қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы бұйрықтың 125-бабына биыл 189-бап түсініктеме ретінде енгізілген.

«Қорытынды аттестациялауды реттейтін біздің Білім және ғылым министрлігінің  125-бұйрығы бар. Сол бұйрықтың 80-81-пункттерінде 2019 жылы өзгерту болған. Ол «Алтын белгіге» үміткер балалардың жазба жұмыстарын бағалауға, оны тексеруге байланысты», – деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ағайша Сапарова.

Айта кетейік, биыл түлектердің мемлекеттік емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді. 12-маусымға дейін емтихан жұмыстарының қорытындысы шығарылып, «Алтын белгі» иегерлерінің тізімі бекітіледі.

Мадина Оқас, Роза Дәулетханқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир