Шымкент көшелеріне 1 млн 600 мың дана қызғалдақ отырғызылды
Көктемнің тосын мінезі шымкенттіктерді әбден әбігерге салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Гүлжахан Әлібаеваның үй алдындағы өрік ағашы көктемнің алғашқы лебімен бүр жарып, гүлге оранғані. Алайда тосыннан жауған қар нәзік гүлдерді үсітіп жіберген. Он жылдан бері жемісін үзбей беріп келген талдың биыл өнім бермейтіні үй иесінің көңіліне қаяу түсіріп отыр.
«Негізі өрік жылда ерте бүр жарып, бірінші пісетін. Биыл қар жауып, үсіп кетті. Сатып алып жейтін болдық. Шымкентке көктем кеш келді», – деді қала тұрғыны Гүлжахан Әлібаева.
Көктемде жауған қар көшеге егілген миллиондаған қызғалдақты да басып қалған. Қаланы көркейту үшін отырғызылған гүлдер аяздан үсіп қалуға шақ. Десе де мамандар оларды сақтап қалу үшін қолдан келген амалдың бәрін жасап жатыр.
«Әрине мәселе барлық жағынан қауіп төндіреді. Алайда, қызғалдақ мамандардың зерделеу жұмыстарына, әлемдік стандартқа сәйкес ерте көктемде, қыста егілетін болғандықтан суыққа төзімді келеді. Осыған байланысты әрі қарай бақылап, шаралар қолданылатынын хабарлаймыз», – деді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Нұрқожа Сапарбай.
Айта кетейік, Шымкентте қызғалдақ егуден рекордтық көрсеткіш жыл сайын жаңарып отырады. Биыл қала көшелеріне 1 млн 600 мың дана қызғалдақ отырғызылды. Үшінші мегаполисті «қызғалдақтар астанасына» айналдыру жоспарланған. Алайда синоптиктер алдағы күндері ауа райының -16 градусқа дейін төмендейтінін ескертті.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков
Оқи отырыңыз: Қабырғасы жарылып, төбесі үстімізге құлағалы тұр: атыраулықтар ескі үйде өмір сүруге мәжбүр