Алматыда биыл 5 мыңнан астам тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл 1 мың 125 отбасыға, яғни 5 мыңнан астам тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Қалалық Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, биыл бірінші тоқсанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 мың 58 теңге болса, кедейлік шегі 43 мың 441 теңге көлемінде белгіленген.

Алайда бұл көрсеткіштер 3 ай сайын жаңарып отырады. Ендеше, осы мемлекеттік қолдауға кімдер үміткер бола алады? Оның қандай түрлері бар?

Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Еңбек мобильділігі орталығы Әлеуметтік жұмыс бөлімінің басшысы Гүлзира Қазыбаева жауап береді.

– Гүлзира Өтемісқызы, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібіне тоқталсақ. Бұл көмекті қалай алуға болады? Қандай шарттар қарастырылған?

«Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға тағайындалады. Оған Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үміткер бола алады. Атаулы әлеуметтік көмек – мемлекет тарапынан табысы төмен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрі. Оның басты мақсаты – аз қамтылған отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту және олардың әл-ауқатын арттыру. Бұл көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша Еңбек мобильділігі орталығына өтініш бере алады. Сонымен қатар өтінішті онлайн түрде Электрондық үкімет порталы арқылы да тапсыруға мүмкіндік бар». 

– Гүлзира ханым, атаулы әлеуметтік көмектің қандай түрлері бар?

«Атаулы әлеуметтік көмектің екі негізгі түрі бар. Шартты ақшалай көмек және шартсыз ақшалай көмек. Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға беріледі. Мұндай жағдайда отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатысуы қажет. Яғни, жұмыс іздеу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, кәсіби оқудан өту немесе мемлекет ұсынған жұмыс орындарына орналасу сияқты талаптар қойылады».

– Шартсыз ақшалай көмек қандай санаттағы азаматтарға беріледі? Оны алу үшін қандай талаптар сақталуы тиіс?

«Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетсіз немесе белгілі бір себептермен жұмыс істей алмайтын азаматтарға көрсетіледі. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар және денсаулығына байланысты еңбек ету мүмкіндігі жоқ адамдар бар. Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған».

Оқи отырыңыз: Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады

 

Новости партнеров