Түркістан облысында мақта теру науқаны басталды

Almaty.tv
Almaty.tv

Биыл өңірде 106,4 мың гектар жерге мақта егілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында мақта теру науқаны басталды. Бүгінге дейін ақ алтынның 200 тоннадан астамы теріліп, зауыттарға өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ербол Айтуғанов – Қызылқұм ауылының тұрғыны. Диқаншылықты осыдан 21 жыл бұрын бастаған. Иелігінде 14 гектар жері бар. Ала жаздай күннің астында, желдің өтінде маңдай терін төккен диқан биыл егілген мақтадан мол өнім алуды жоспарлап отыр.

Бұрын мақтаның «сұлтан», «мақтаарал», «бұқара» деген сорттарды егетінбіз. Өнім 20-25 центнерді құрайтын. Биыл Қытайдың «60» деген сортын егіп, 50 центнерге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Оны құрт жемейді, – деді шаруа Ербол Айтуғанов.

Ал Қанат Алдабеков биыл 160 гектар аумаққа мақта еккен. Ол да күзгі жиын терімде мол өнім алуды көздейді. Себебі биыл егістікке жаңа технологияны пайдаланған. Азамат арнайы дрон сатып алып, зиянкестерге дәріні соның көмегімен шашқан. 

Дронмен құрғақ аммофос шашуға болады. Ол 40-50 келі үнтақ, 45 кг сұйықтық 45 кг көтереді. 1-2 , 3 гектарға зиянкеске қарсы дәрі шашуға болады, – деді шаруа Қанат Алдабеков.

Жетісай ауданында 79 мың гектардан астам суармалы жер бар. Онда әртүрлі бақша дақылдары егіледі. Соның 41 гектарын мақта алқаптары алып жатыр. Ал ауыл шаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, арнайы техникалар мен ақ алтынды қабылдайтын зауыттар сақадай сай.

Ауданда 200-ден астам комбайн, 7 мақта өңдеу, мақта қабылдайтын зауыт бар. Одан бөлек, 80-ге жуық мақта қабылдау бекеттері бар. Солардың барлығы бүгінгі таңда биылғы мақта теру науқанына толықтай дайын, – деді Жетісай аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.

Биыл Түркістан облысында 106,4 мың гектар жерге мақта егілген. Алдын ала болжам бойынша, одан 300 мың тонна ақ алтын жиналмақ. Сондай-ақ биыл өңір мақтаны терең өңдеу кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды да жоспарлап отыр. 

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Новости партнеров