Дәрі беріп, ұрып-соққан: Алматылық бойжеткенді туыс әпкесі ұрлап әкетіп, пәтерін атына жазуға мәжбүрлеген

Дәрі беріп, ұрып-соққан: Алматылық бойжеткенді туыс әпкесі ұрлап әкетіп, пәтерін атына жазуға мәжбүрлеген
Жәмилә 6 жасында анасынан, 12 жасында әжесінен айрылып, жетімдер үйіне өткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық бойжеткенді бұрынғы қамқоршысы ұрлап әкетіп, жалғыз баспанасын өз аттарына жазып беруді талап еткен. Бірнеше тәулік бойы қапаста қамалып отырған жерінен қызды полиция құтқарды. Алайда, қазірдің өзінде оған қоқан-лоқы көрсету жалғасып келеді екен. Тіпті, жәбір көрсеткендер қылмыстық істе куәгерге айналыпты. Олардың арасында құзырлы органдардың қызметкерлері де бар көрінеді, деп хабарлайды 1tv.kz.

Бойжеткеннің есімі - Жәмилә. Ол қаңтардың 21-і күні кешкісін құрбысын күтіп алу үшін далаға шығыпты. Сол кезде бірнеше адам оны бас салып ұрып-соғып, көлікке отырғызып алып кеткен.

Жәмилә 6 жасында анасынан, 12 жасында әжесінен айрылып, жетімдер үйіне өткен. Әкесін ол мүлдем көрмеген. Апасы үйі мен екі жер телімін немересіне мұраға қалдырыпты. Бірақ, оны туысы өз атына аулдарып алған. Ал, 2014 жылы жетім қызға мемлекеттен жаңа баспана берілгенде жағдай тіптен қиындап кеткен.

«Нотариусқа барып, сенім хат жаздыртқысы келді, менің пәтерімді иелену үшін», - дейді Жәмилә.

Бойжеткенді қолын қайырып, көлікке күштеп отырғызып жатқанын құрбысы көріп, полицияға шағым түсірген. «Алғабас» шағынауданынан жоғалған қызды тәртіп сақшылары үш күннен кейін Алматы облысының Есік қаласынан тауыпты. Оны дәрі беріп, қапаста қамауда ұстаған. Полицияға бірнеше рет шағым түсіргенімен іс бір рет жабылып, қайта қозғалған. Күдіктілер әлі де қорқытуын жалғастырып келеді екен.

«Ертең барып Алатау аудандық полиция бөлімшесінен өзіңнің арызыңды аласың және кешке таман мен саған келемін. Сені алып кетемін, нотариусқа барып, сенім хатты жазып барлығын бітіріп тастайық. Егер де сен бұны істемесең жақсы болмайды, көріп отырсың ғой маған ештеме болмайтынын деп қорқытты», - дейді жәбірленуші.

Ал, полицейлер қазір күдіктілердің барлығы анықталып, ұсталғандарын жеткізді. Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алыныпты.

«Бұл іске қатысы бар тұлғалардың барлығы анықталып, ұсталды. Ең басты тұлға да анықталды. Бұл қылмысты ұйымдастырушы әйел адам. Осы азаматтардың әрқайсысының ролі тергеумен міндетті түрде анықталып, олар істеген әрекеттеріне қарай жазаларын алатын болады», - дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Заңгерлер бұл аса ауыр қылмыс санатына жататынын айтады. Егер күдіктілердің қылмыстары дәлелденетін болса, адам ұрлап, бопсалағандар 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылып, дүние-мүліктері тәркіленеді екен.


Новости партнеров