Қазақстанның әскери қызметшілері «Мызғымас бауырластық-2023» ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерімен бірлескен оқу-жаттығуға қатысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары мен құрамаларын бірлесіп даярлаудың 2023 жылғы 6-13 қазан аралығындағы кезеңге арналған жоспарына сәйкес Қырғызстан Қарулы Күштерінің оқу-жаттығу орталығының полигонында (Балықшы қаласы) «Мызғымас бауырластық-2023» Ұжымдық бітімгерлік күштерімен бірлескен оқу-жаттығуы жоспарланған.
Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері қатысады. Оқу-жаттығудың негізгі міндеті – бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияны жүргізу кезінде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің әскери контингенттерінің үйлесімділігін арттыру.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы тартылады. Оқу-жаттығу шеңберінде қазақстандық әскери қызметшілер автомобиль және бронды техникамен Алматыдан Балықшы қаласы бағытына қарай жүріп өтеді.
Оқи отырыңыз: Тараздық сарбаз жаңа рекорд орнатты