Елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылдың басында Қазақстан арнайы «Жусан» операциясын жүргізген болатын. «Жусан» операциясы – Қазақстан осы адамдардың (кезінде Сирияға кетіп қалған азаматтардың – авт.) үйі екенін көрсетті. Операцияның арқасында елге 600-ге тарта адам қайтарылды. Олардың 406-ы бала. Олардың бәрі де оңалту шараларынан өтіп, қазақстандық қоғамға бейімделді. Қазіргі уақытта Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың аналары сол жақта өмір бойы бас бостандығынан айырылған», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отырыс барысында.
Министрдің айтуына қарағанда, Қазақстан – мұндай гуманитарлық акцияларды жүргізіп жатқан әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі.
«Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», - деді ол.
Еске салайық, «Жусан» гуманитарлық операциясы - ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі биылғы 6 қаңтарда елге жеткізілген болатын. 7-9 мамыр күндері аталмыш елден Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды.
Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан елімізге жалпы 357 бала қайтарылды. 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі өткізілген еді.