Сондай-ақ 12 жабық дауыс беру учаскесі де бар
Бүгін еліміз бойынша 10 323 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Таңғы сағат 7.00-ден бері іске кіріскен бұл орындардың 250-і маңғаз Маңғыстауда орналасқан. Таңдауын жасап, тарихи шешімге атсалысатындардың қатары мұнда да көп көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ақтау қаласындағы №247 сайлау учаскесінде көпшілік өз таңдауын жасауға келіп жатыр. Мұнда дауыс берушілер үшін барлық жағдай қарастырылған. Бақылаушылар да таңнан бері осы жерде жүр.
Айта кету керек, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін учаскеде бар жағдай жасалыпты. Бұл оқушылар сарайындағы №247 учаскедегі науқан алдымен Әнұраннан басталды. Көп ұзамай дауыс берушілердің де алды келді. Учаскедегі бір ерекшелік - алғаш келіп дауыс берген адамға арнайы сый-сияпат бар. Қала тұрғыны Кендебай Сарыбаев өз таңдауын жасап, сыйлықты иеленіп алды.
«Бәрі тамаша өтіп жатыр. Қазақстан азаматы болғандықтан әрқайсымыз өз еліміздің болашағы үшін дауыс беруге міндеттіміз», - дейді қала тұрғыны Кендебай Сарыбаев.
Ақтаудағы сайлау учаскелерінде жағдайдың бірқалыпты екенін айта кеткен жөн. Келіп, өз таңдауын жасаған елдің қарасы қалың.
«Ақтау қаласындағы №247 учаскеде 2344 адам дауыс беруге қатысады. Оның ішінде 6 адам – мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар», - дейді учаске жетекшісі Шара Нұрғалиева.
Айта кетейік, Маңғыстауда 250 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 124-і қалаларда болса, 126-сы аудандар мен ауылдарда. Сондай-ақ 12 жабық дауыс беру учаскесі де бар. Олар аурухана, кен орындары мен түзету мекемелерінде орналасқан.
Оқи отырыңыз: Алматыда дауыс беруге жиналғандар саны сағат сайын артып келеді