Алматыда өрт сөндіру бекеті ашылды

 ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Өрт сөндірушілер тәулік бойы, төрт ауысымда жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматы қаласының Бостандық ауданында тағы бір заманауи өрт сөндіру бекеті ашылды. 4 шығу жолы бар депода өрт сөндірушілер тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Бұл құтқарушылардың төтенше жағдай орнына келу уақытын қысқартпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауданы 2,5 мың шаршы метрден асатын өрт сөндіру депосы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынған. Өрт сөндіру бөлімінде 6 бірлік техникасы бар. Ол ауданның тау бөктеріндегі жерлері мен тар жолдар сынды талаптарын ескере отырып таңдалған. Салтанатты ашылуға Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов пен қалалық ТЖД гарнизонының жеке құрамы және азаматтық қорғау ардагерлері қатысты.

– Алматы қаласының әкімі Ерболат Асқарбекұлына төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелеріне қосқан үлесі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Өз кезегінде қызметкерлерден қойылған міндеттерді абыроймен орындауды сұраймын. Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуымен әріптестерді құттықтаймын, – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі ерлан нұрпейісов.

Жаңа депода жеке құрамды орналастыруға және күнделікті қызметті қамтамасыз етуге арналған үй-жайлар, сондай-ақ спорт зал, мәдени іс-шаралар өткізуге арналған арнайы орындар қарастырылған. Соңғы қабаттарда гарнизон қызметкерлері үшін 3 пәтер көзделіпті. 70-ке жуық қызметкерге арналған орын жалпы 45 мыңнан астам адам мен 146 шаруашылық субъектісі бар 7 шағынаудан тұрғындарының өрттен қорғалуын қамтамасыз ететін болады.

– Алматы қаласының өрт сөндіруін толықтай қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта 15 өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Яғни техрегламентке сүйенсек, бірінші өрт сөндірудің келу уақыты 10 минуттан аспауы керек. Не болмаса алыстығы 3 шақырымды құрауы керек. Сондықтан осы жер таңдалып отыр, – деді қалалық Өрт сөндіру қызметінің бастығы Тілеуберді Мәдиев.

– Мұнда құрам тек қызметін атқарумен шектелмей, олардың дамуына да мүмкіндіктер қарастырылғаны қуантты. Осындай бөлімдердің жетіспейтіні рас. Қызметкерлерге барлық жағдай қарастырылған.  Олар физикалық тұрғыда шыңдалып, міндетін дұрыс атқару үшін сауатын арттыра түседі, – деді өрт сөндіру саласының ардагері Юрий Тимофеенко.

Бүгінгі таңда қаланың өрттен қорғалуын 20 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша биыл мегаполистің Түрксіб және Наурызбай аудандарында тағы 3 өрт сөндіру депосын салу көзделіп отыр.

Жансая Олжабек, Ялкунджан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы








Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында жоғалып кеткен үш бала табылды

Новости партнеров