Амал-2024: Маңғыстауда дәстүрлі «Бірлік» оты жағылды

пресс-служба акима Мангистауской области
пресс-служба акима Мангистауской области
Отпан тау шоқысына 40-тан астам киіз үй тігіліп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып дәріптелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Амалды айрықша тойлайтын Маңғыстау жұрты өңірдің ең биік шыңы Отпан тауда «Бірлік» отын жақты. Ұлық күннің ұлылығын дәріптеген өңір өкілдері ұлттық спорт түрінен де сайыс ұйымдастырып, мейрамды барынша дәріптеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Амал – береке-бірліктің, татулықтың мерекесі. Қыстан аман шыққанына қуанған көпшілік көктемнің басталуымен құттықтап, қол алыса, төс қағыстыра көрісіп жатыр. Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама, жыршы-термешілер өнері мен ұлттық бұйымдар көрмесі өтті. Отпан тау шоқысына 40-тан астам киіз үй тігіліп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып дәріптелді. Дүбірлі мерекені тойлауға шетел асып келгендер де бар.

– Амал мерекесіне бірінші рет келдім. Бұрын сіздер атап өтетін Наурыз мейрамын көргенмін. Түркі әлемінің келе жатқан Наурыз мейрамы құтты болсын. Денсаулық берсін. Түрік елдері арасында антымақ болсын. Құттықтаймын! – деді «Манас» қырғыз-түрік университетінің оқытушысы, профессор Ирфан Гөрдал.

– Өзбекстаннан ат арылтып келдім. Жыршы, өнерпаздарымызды алып келдік. Әр жыл сайын тойланатын Амал мерекесінің маңызы зор. Қазақтың бірлігінің, татулығының куәсі. Баққаныңыз қой болсын, жасағаныңыз той болсын! Қазақстан жайлы мекен болсын! – деді Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Махаммад Эшбоев.

Маңғыстаулықтар бұл күні ежелден таңмен таласа тұрып, бір-бірімен көріседі. Араз болған жандар арнайы келіп, өкпе-ренішін ұмытып татуласады. Дастарханды ұлттық асқа толтырып, мол жаяды. Мұның бәрі ағайынның арасындағы сыйластықтың нығаюына сеп болмақ.

– Егемендіктің арқасында ескі дәстүр жалғасып жатыр. Осы тек Батыс өңірде Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау емес, жалпы қазақ елінде Амал мерекесі үрдіс алып келе жатыр. Бұл – бірлік мерекесі деп аталып жатыр. Еліміздің бірлігі артып, жақсылық жалғаса берсін! – деді Орал қаласының тұрғыны Мәлік Өскенбай.

Қара таудың баурайында өткен аламан бәйге мерекенің көркін қыздырды. Мұнайлы ауданының жүйрігі оза шауып, бас жүлде «темір тұлпарды» иеленді.

Айта кетейік, Маңғыстауда Амал мерекесі Отпан таудағы Адай ата кесенесінің басында 2008 жылдан бері дүбірлі той боп өткізіліп келеді. Ұлтты ұйыстыру, қазақ баласын бір тудың, бір ұранның астына біріктіру мақсатында Амал күнінде «Бірлік» оты да жағылды. Елдің амандығы, жердің тыныштығы үшін дұға жасаған ақсақалдар ұлық мерекенің ендігіде ұлттық деңгейде тойланатынына дән риза.

Жазира Қуанышқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Бүгін – Көрісу күні

Новости партнеров