«110 мың теңге сұрады»: Алматы облысында оқушыны кепілдікке алған қаскөй ұсталды

«110 мың теңге сұрады»: Алматы облысында оқушыны кепілдікке алған қаскөй ұсталды
Күдікті адам ұрлау дерегі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 11 жастағы оқушыны ұрлап кеткен азамат ұсталды. Күдікті мектептен шыққан қызды «әкең күтіп отыр» деп алдап, ертіп кеткен. Сосын ата-анасына хабарласып, ақша талап еткен, деп хабарлайды КТК.

Күдіктінің айтуынша, ұрланған қыздың әкесі оған қарыз екен. Арам оймен қарызын қайтарудың жолын іздеген азамат осылай есеп айырысуды көздеген. Тіпті ата-анасына хабарласып, тез арада қажетті қаржыны тауып беруін де талап етіпті.

«110 мың теңге сұрады. Қаражатты 1 сағаттың ішінде карточкаға аудару керектігін айтты. Тәртіп сақшылары іске кіріспегенде, қызымды қандай жағдай күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты», - деді ұрланған қыздың анасы Ләззат Қуанова.

11 жастағы оқушы әкесі мен күдікті өзара таныс болған соң, алғашында кепілге алынғанын білмепті. Ал қылмыстың ізін ашуға Қарасай ауданының полицейлері түгел жұмылдырылған.

«Іздестіру шаралары бойынша күдікті тұлға біздің аудандағы ірі супермаркеттің бірінде екені анықталды. Кәмелет жасына толмаған қыз аман-есен ата-анасына қайтарылды», - деді Қарасай аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Самат Сатқанбаев.

Қызымен қауышқан ата-ананың жедел қимылдаған тәртіп сақшыларына алғысы шексіз. Полицияның айтуынша, күдікті адам ұрлау дерегі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Новости партнеров