Алматының Түрксіб ауданындағы 254 көшеде шам жоқ. Олар биылдан қалмай жарықтандырылатын болады. Бұл туралы аудан әкімі халықпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Одан бөлек, «Жас қанат» ықшамауданындағы 530-дан астам үй сумен жабдықталып, суағарларға қосылады. Ал 304 көшеге орталық кәріз жүйесі салынады.
«Ағымдағы жылы Капшағай көпіріндегі және ұзындығы 7 шақырымға созылған Жансүгіров көшесіндегі жарық шамдарын жаңарту бойынша жұмыстар жоспарлануда. Бұл жұмыстар атқарылса, көшелерді жарықтандыру бойынша, тек «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Қайрат» ықшамаудандарындағы 74 көшенің мәселесі қалады. Оларға жаңа жолдарды салу кезінде инженерлік желілер жүргізілгеннен кейін ғана жарық беріледі», - деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан АҚЖАРОВ.
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарды қойды. Көпшіліктің біразын асфальт төселмеген көшелер, кәріз жүйесі және ауданды көріктендіру алаңдатады екен. Кездесуге келген ел аудан әкімінен балалар ауласын көптеп салуды және барларын жаңартып беруді сұрады. Бақытжан Ақжаров өз кезігінде әр сұрақты мұқият қарап, сәйкесінше, шара қолданатындығын жеткізді.
«Жас қанат» ықшамауданы тұрғындарының өтініші бойынша, жеке демеушілердің қаражатына балаларға арналған 2 спорт алаңын тұрғыздық. Биыл бұл істі жалғастырып, жыл соңына дейін тағы 103 уйдің ауласына осындай жұмыстар жүргіземіз», - деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан АҚЖАРОВ.