Алматы әуежайында 80 эпидемиолог тәулік бойы рейстерді тексеруде

Алматы әуежайында 80 эпидемиолог тәулік бойы рейстерді тексеруде
Коронавирус анықталған жағдайда, қала бойынша 240 орынға арналған оқшауланған изолятор дайын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, күніне шаһарға 50-ге жуық халықаралық рейстер келеді. Ондағы жолаушылар алдымен әуе кемесінде тексеріліп, кейіннен әуежай ішінде де бақылаудан өтеді. Ал, коронавирус анықталған жағдайда қала бойынша 240 орынға арналған оқшауланған изолятор дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«200 орын №1 қалалық емханада дайын тұр. Оның ішінде ересектерге арналған 20 төсектік бокстар жұқпалы ауруларға арналған ауруханада, ал 20 төсек балалар ауруханасында. Бүгінгі штабта шешілген бір шешім: стационарларда, ауруханаларда изолятор болса, бүгіннен бастап әрбір емханада изолятор ашылады», - деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Бүгіннен бастап, Қытайдан ұшып келетін барлық әуе рейстері тоқтатылды. Айта кетейін, 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында аспан асты елінен  Алматыға 4904 адам келген. Олар әуежайдың бөлек залында қатаң қадағалаудан өтті. Оның 90 пайызы бақылауға алынып, 7 пациент ОРВИ бойынша ауруханаға жатқызылған. Одан өзге, департамент басшысы қалада жұмыс істейтін Қытай елінің азаматтары да бақылауға алынғандығын жеткізді.

«63 жұмыс орны бар. Оның ішінде мейрамхана, кафе, жатақхана, қонақүйлер бар. Соның бәріне осы екі-үш күн болды рейд жүргізуді бастадық. 25-ін араладық. Қалғандарын осы дүйсенбіден бастап жүргіземіз. Өйткені жұмыс күндері ғана жұмыс істейді. Арасында ауырған адамдар табылмаған», – деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Новости партнеров