Арыс тұрғыны көршісін алдап соғып, оның атына 3 несие рәсімдеген

Арыс тұрғыны көршісін алдап соғып, оның атына 3 несие рәсімдеген
Жалпы күдікті әйел өзінің көршісіне 700 мыңнан астам теңгеге шығын келтірген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арыс аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі келіп, банк карточкесіндегі қомақты сомасының жымқырылғандығы жайлы арызданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Аталған жайт Арыс аудандық ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеу бөлімінің тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер аталған іске күдіктіні құрықтау үшін қажетті деген шаралардың барлығын дерлік атқарды. Осылайша жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталды.   Тәртіп сақшылар күдіктіні тұрғылықты мекенжайында құрықтады. 

Анықталғандай, күдікті әйелдің төленбеген несиесі болғандықтан, банк карточкасындағы ақшасын пайдалана алмаған. Сондықтан ақшаны табудың оңай жолын іздеп, арам ой туындап, оны іске асыру үшін көрші әйелді пайдаланған. Яғни жәбірленуші көрші әйелге барып, банк карточкасына танысына айтып ақша салдырып, сосын шығарып аламын деп өтінген. Осылайша жалған сылтаумен жәбірленушінің құпия кодын, деректерін біліп алып, 3 банктен 300 мыңнан астам теңгеге онлайн-несие рәсімдеген.  Сондай-ақ, жәбірленуші әйелдің шотына келіп тұрған жүктілік кезінде берілетін бір реттік жәрдемақысы, яғни 400-мыңнан астам ақшасын ұялы телефон арқылы басқарып, өз пайдасына жаратқан. Жалпы күдікті әйел өзінің көршісіне 700 мыңнан астам теңгеге шығын келтірген. Бүгінгі таңда Арыс аудандық полиция бөліміне күдіктіге қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.  Күдікті әйел ешқайда кетпеу туралы және тиісті мінез-құлық туралы қолхат берді. Ал,  полицейлердің айтуынша, аталған іске қатысты тергеу амалдары толық аяқталғаннан соң, іс сотқа жолданбақ. Өз кезегінде облыс полицейлері тұлғаларға артық сенім білдіріп құпия деректерді, төлқұжат нөмірлерін айтуға болмайтындығын ескертеді. Алаяқтардың құрбанына айналсаңыз немесе куәсі болсаңыз міндетті түрде полицияның жедел желісі 102-ге хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде полицейлердің қылмысты ізін суытпай ашуға көмегін тигізеді.

Новости партнеров