Майк Помпео еліміздің сыртқы істер министрімен келіссөз жүргізді

Майк Помпео еліміздің сыртқы істер министрімен келіссөз жүргізді
Ол Американың елімізге республика аумағында коронавирусты таратпауға барынша көмектесіп жатқанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Біз тәжірибеміз бен халықаралық стандарттарға сай талдамаларды жүргізуге қажетті зертханалық материалдармен бөлісудеміз». Қазақстанға іс-сапармен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Американың елімізге республика аумағында коронавирусты таратпауға барынша көмектесіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, кеше АҚШ Мемлекеттік хатшысы еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөз жүргізді.

«Біз денсаулық сақтау министрлігіне көмектесудеміз. Аурудың әлеуетті жағдайларын бақылап отырамыз. Сіздердің Үкіметтеріңіз үшін алдын алу, дертті бақылау үшін жетекші ұсынудамыз. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес талдау жүргізу үшін зертханалық материалдармен және тәжірибемізбен бөлісудеміз. USAID арқылы зертхана қызметкерлеріне, медициналық персоналға жеке қорғану заттарын ұсынудамыз», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк ПОМПЕО.

Майк Помпео Америка Құрама штаттары мен Қазақстанның арасындағы тікелей рейстің ашылуын маңызды қадам деп санайтынын жеткізді. Ал еліміздің Америкалық компаниялармен серіктестігі қос мемлекеттің экономикалық қатынасының нығаюы мен дамуына оң әсер етіп жатқанын алға тартты. Мәселен, Tyson Foods, Shevron және ExxonMobil сынды кәсіпорындар қазақстандықтарды жұмысқа қабылдап, Қазақстан өнімдерін экспорттауға көмектесуде. Американың мемлекеттік хатшысымен келіссөз жүргізген Сыртқы істер министрі Нұр-Сұлтан мен Вашингтон саяси қатынастар, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара ынтымақтастық, қауіпсіздік және халықаралық терроризмге қарсы күрес, адам құқықтары мен діни бостандық бойынша сапалы диалог жүргізгенін алға тартты.

«Біздің Майк Пампеомен келіссөздеріміз экономикалық ынтымақтастықты сапалы дамытуға деген ынтамызды тағы да растады. Бүгін америкалық әріптестермен прогматизм рухында мемлекеттеріміз арасындағы инвестициялық қатынастарды әртараптандыру мәселелерін талқылаудамыз. АҚШ-ты Қазақстан тарапы инвестиция, жаңа технология мен білімнің, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі стандарттардың қайнар көзі ретінде қарастырады», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ.

Новости партнеров