«Дәрігерлер шарасыз еді»: Жезқазғанда жас босанған әйел мен сәбиі көз жұмды

sputniknews.kz
sputniknews.kz
Дәрігерлер ана мен баланың өміріне араша түсе алмады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жезқазғанда жүктілігінің жетінші айында кенеттен сырқаттанып қалған әйел мен жаңа туған сәбиі көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, дәрігерлер ана мен баланың өміріне араша түсуге шарасыз еді, деп жазды Sputnik.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев жас босанған ана мен сәбиінің өліміне не себеп болғанын түсіндірді.

«Әйелдің толғағы келіп, ауруханаға жеткізілген. Келесі күні келіншектің қан қысымы күрт төмендеп кетіп, шұғыл ота жасалған. Бірақ өкінішке қарай, аман алып қалу мүмкін болмады. Ол геморрагиялық  шоктан қайтыс болды. Кесар тілігін жасағаннан соң, сәбиі де шетінеп кетті. Себебі анасы көп қан жоғалтқан. Мәйітке сот-медициналық сарапшылар сараптама жүргізді. Әйелдің ауыр дертке шалдыққаны белгілі болды», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Өңірдің Денсаулық сақтау басқармасының басшысы айтқандай, мұндай асқынудың алдын алу мүмкін емес. Аневризма ота кезінде анықталуы мүмкін. Бірақ оның жарылып кетуінің алдын алу үшін толық тексеруден өткізіп, МРТ-ға түсіру қажет. Аневризма – белгілері жоқ дерт, оның үстіне науқастың анамнезінде бүйрек сырқаты туралы жазылмапты.

«Аорта екі сантиметрдей жарылып кеткен. Демек, науқас өте көп қан жоғалтқан. Қазір қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Туыстары дәрігерлерді айыптап отырған жоқ. Өкінішке қарай, мұндай жайтты дәрігерлеріміз алдын ала болжап біле алмайды, әрі науқасты аман алып қалу да мүмкін емес», - деп атап өтті өңірдің бас дәрігері.

Марқұм ананың жасы 35-те еді, ол 18 ақпанда ота үстінде қайтыс болды.


Новости партнеров