Алматылық ардагерлер ұзақ өмір сүрудің қыр-сырымен бөлісті. Бел мен буындағы дертті ұмытқан қариялар велосипед теуіп, балық аулап, әскери жылдардағы әндерді де әуелетеді деп хабарлады Almaty.tv тілшісі. Қариялардың ең жасы 81-де болса, үлкені 95- те.
Солардың бірі – Сағаділда Әжібаев. Ол үшін қартаю еш қорқыныш тудырмайды. 81 жастағы ақсақал күніне екі сағаттан таңертең және кешке спортпен айналысады.
«Бұрын мен өзімнің тез қартайып жатқанымды сезетінмін. Кейін оны тоқтатқанымды сездім. Бәлкім спортты жалғастыра берсем кері процесс жүріп, қайта жасаратын шығармын», - деп әзілдейді ақсақал.
Сағаділда ата күш-жігерді тамақтан, ұйқыдан немесе спорттан ғана алмайды, ол үшін басты қағида – көңілді жүру. Кез келген жағдайға ақсақалдың әдемі әзілі дайын.
Атайдың жақын досы Владимир Моисеевич «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» шақыртуын қуана қабыл алған. Әдетте ол бұл жерге жаттығу үшін келеді, ал, мереке күні жұбайын ертіп, арнайы киімін киюді де ұмытпапты.
«Көршім екеуміз күн сайын таңертең және кешке осында бірге жаттығамыз. Мен таңғы 5-те тұрамын, 7-де дәрілерімді ішіп, сағат 8-де осында келіп велосипед тебеміз. Әрине, кәрістерді депортациялау, оған қоса соғыстағы ауыр нәубет денсаулықты құртты. Бірақ, біз соған қарамастан жақсы өмір сүруге тырысамыз. Түрлі іс-шараларға қатысамыз. Әсіресе, осында келіп спортпен айналысқан ұнайды», - дейді тыл еңбеккері Владаимир КИМ.
Владимир Моисеевич үстінде костюм болғандықтан бізге веловипедті қалай тебетінін көрсете алмады. Дегенмен, қария ән шырқап, келген қонақтардың көңілін көтерді.
Ал, Федор Зеновьевичтің жасы 95-те. Қария икемділігімен немесе күш-қайратының көптігімен мақтана алмайды. Оған қоса құлағы да нашар естиді. Бірақ, Ұлы Отан соғысының ардагері қалай дұрыс өмір сүру керектігін біледі.
«Таңертең салқын суға түсемін. Және таза ауада көбірек жүруге тырысамын. Әсіресе, қала сыртына шығып, балық аулағанды жақсы көрем. Ең сүйікті жерім – Қапшағай. Мен үшін жақсы ем – осындай демалыс», - дейді ҰОС ардагері Федор КУРДАНОВ.
Федор Зеновьевич 1942 жылы соғысқа аттанған. Майдан даласында сапёр болған. Қасіретті жылдарды еске алған қария еріксіз көзіне жас алды.
Ақсақалдарды бір көргенде зейнеткер дерсіз. Бірақ олардың көңілдері әлі де жас. Жастай көрген қиындық пен зұлмат жылдар көкіректен кеткен жоқ. Дегенмен, азаматтар бұл сынақтардан сынған жоқ, әлі де ұрпақ тәрбиелеп, Отанына пайдасын тигізіп келеді.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы