12 жерден пышақтаған: қоңырауына жауап бермеген анасының денесін ұлы пәтерінен тапқан

Жылы пәтерде төрт күн жатқан мүрдені жақындары алғашында танымай қалғанын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«12 жерден пышақтаған, анамыздың денесін тек бетіндегі қалынан таныдық». Шу қаласында өз пәтерінде асқан қатыгездікпен қаза тапқан 40 жастағы әйелдің жетім қалған балалары осылай деп әділдік сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шудағы қанды қылмыс 27 қарашада кешке болған. Сол күні Юлия Силантьеваның пәтеріне үш танысының келгені белгілі. Содан бері келіншекпен ешкім байланыса алмаған. Ал марқұмның мәйітін 30 қарашада оның 19 жастағы ұлы тапқан. Анасы телефонға жауап бермеген соң, Алматыдан Шу қаласына келіп, пәтерге балкон арқылы кіріпті. Ішке енгенде еденде қанға малынып жатқан денені көріп, есеңгіреп қалғанын айтты.

«Сағат 20:00 шамасында Шу қаласына келдім. Үйге бардым, бірақ ешкім есік ашпады. Жұмысына барып көрдім, ол жақта да ешкім жоқ. Сосын маған «балкон арқылы кіріп көрейін» деген ой келді. Балконға шықсам, ішкі есік ашық тұр. Сол арқылы кірдім де, еденде жатқан анамды көрдім. Сосын есікті ашып, сыртқа шығып, бәріне хабарластым. Көп ұзамай туыстарымыз жиналды», – деді марқұмның ұлы Әсет Силантьев.

Марқұмның туыстарына мәйітханада берілген алдын ала ақпаратқа сәйкес, әйелдің денесінде кемінде 12 пышақ жарақаты болған. Жылы пәтерде төрт күн жатқан мүрдені жақындары алғашында танымай қалғанын жеткізді. Қызы «тек маңдайындағы қалынан білдім» дейді. Туыстары пәтердің әдейі тазаланғанын айтады. Ас үй мен бөлмелерде сүртуге арналған шүберектер де, қоқыс қалдықтары да табылмаған. Шыны стақандардың да жоғалып кеткені белгілі болды. Сонымен қатар пәтерден марқұмның жақын құрбысының сөмкесі мен сырт киімі табылған. Ал Юлияның ұялы телефоны дәл сол әйелдің үйінен анықталған. Ең сорақысы, қанды қылмысқа басты күдікті ретінде танылған адам марқұмның әріптесі болып шықты.

«Күдіктілерді танимыз, себебі олар анаммен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген адамдар. Мен олардың бәрін көрдім, тіпті үйімізге де келіп жүрген. Осы оқиғаға дейін, Алматыға кетердің алдында да жолықтық. Ал Бага деген адамды мүлде танымаймыз, онымен бұрын ешқашан кездеспедік. Тағы бір әйел бар, оны да танимыз, үйімізге келіп жүрген. Бас  күдікті отбасымен, әйелі мен балаларын ертіп, келетін. Өзім сөйлескенмін. Неге, қандай себеппен бұлай істегенін білмейміз. Араларында кикілжің, реніш болды деп айта алмаймын. Анам ешкімге зияны жоқ, өте ақкөңіл, жақсы адам болған», – деді марқұмның қызы Валерия Силантьева.

Бұл пәтердің қабырғалары жантүршігерлік қылмыстың куәсі болған. Марқұмның жақындарының айтуынша, сол кеште 40 жастағы Юлияға әріптестері қонаққа келген. Қайғылы күні пәтерде кемінде үш адам болғаны белгілі. Анасына хабарласа алмаған 19 жастағы ұлы ақыры Алматыдан келіп, пәтерге балкон арқылы кіруге мәжбүр болған. Ішке енген сәтте ол бірден жан-жақта шашылған заттарды байқаған. Содан соң ас үйге өтіп, анасының қанға боялған денесін көрді. Туыстарының айтуынша, әйелдің мәйіті жерде отырған күйінде, басы салбырап төмен қараған қалыпта болған. Тағы бір маңызды жайт – пәтердің есігі сыртынан жабылған. Алайда марқұмның кілттері әлі күнге дейін табылған жоқ.

40 жастағы Шу қаласының тумасы Юлия Силантьева екі баласын жалғыз өсірген. Кейін олар білім алу және жұмыс істеу үшін Алматыға көшкен. Әйел соңғы жылдары көлік жуу орталығында жұмыс істеп, нәпақа тапқан. Біздің түсірілім тобы марқұмның жұмыс орнына да барып қайтты. Белгілі болғандай, орталық басшысы Юлиямен ұзақ жылдар бойы таныс болған. Алайда 35 жастағы ер адамның кейде марқұммен араздасып қалатынын әріптестері де жасырмады. Ал қанды қылмыс болған түні сол көлік жуу орнында жұмыс істейтін тағы бір қызметкерді тұрғындар түн ортасында Юлияның пәтерінен сырт киімсіз шығып бара жатқанын көрген.

«Араларында кейде ұсақ-түйек келіспеушіліктер болатын. Мысалы, жұмысқа шақырса, оның демалыс күні болып, шыға алмай қалған кездері болған. Бірақ ол ешқашан айқай-шумен, жанжалмен аяқталмаған. Тағы бір білетінім — бір әйел түнде химтазалаудан келе жатып, сол Татьянаны көргенін айтқан. Ол адам ешқашан телефонын да, күртешесін де, ішінде ақшасы бар сөмкесін де тастап кетпейтін», – деді марқұмның әріптесі Николай Сировский.

Жамбыл облысының Полиция департаменті күдіктілердің қамауға алынғанын мәлімдеді.

«35 жастағы азамат анықталып, ұсталып, кінәсі толық мойындалып, қазіргі таңда уақтша ұстау изоляторында қамаққа алынған. Іс бойынша тиісті сараптамалдың барлығы тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ қылмысты хабарламау бойынша бөлек өндіріске, 32 жастағы азамат қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Шу аудандық Полиция бөлімі басшысының орынбасары Ғани Қиқымбаев.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, марқұмның ұялы телефонын төрт күн бойы өзінде сақтаған әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, құқықтық баға берілмек. Ал ұсталған екі адамға қатысты адам өлтіру және қылмысты жасыру деректері бойынша іс қозғалған. Қатыгездікпен қаза тапқан Юлияның балалары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалардың заң алдында жауап беруін сұрайды.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Жамбыл облысы

Оқи отырңыз: Ер адамның мүрдесі табылды: тұрғын үйге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр

Новости партнеров