Марқұмның денесін алғашқылардың бірі болып туған әпкесі көрген
Атырауда көпқабатты баспаналардың бірінен 38 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Екі аптадан бері мұндағы тұрғындар үй кіреберісінен шығып жатқан жағымсыз иіске шағымданып, ақыры тәртіп сақшыларына хабар берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Марқұмның денесін алғашқылардың бірі болып туған әпкесі көрген. Ол бауырының жағдайын білу үшін үйіне барыпты. Біраз уақыт есікті қағып тұрып, мүңкіген иісті сезіп, бірден полиция шақыртқан. Әпкесі інісінің денсаулығы бұған дейін де сыр беріп жүргенін айтады.
«13 желтоқсан таңғы уақытта бауырымның үйіне келдім, есікті қағып біраз тұрдым, ешкім ашпады. Содан соң бірден полиция шақырттым, олар иісті сезіп, құтқарушыларға хабар берді. Мен келгенге дейін ол үйінде жатып қалған, үшінші топтағы мүгедек, жұмыс істемейтін. Қан қысымы көтеріліп қайтыс болған деп ойлаймын, бұған дейін де көріскенімізде ауырып жүргенін айтқан», – деді марқұмның туысы Олеся Енина.
38 жастағы азамат жалғыз тұрып келген. Көршілері де бұрын-соңды ешқандай ерсі мінезін байқамаған. Соңғы рет марқұмды дүкеннен 21 қарашада көргенін айтты. Сорақысы, екі аптадан бері жатып қалған мүрденің иісі бүкіл үйді жайлап кеткен.
«Өзі жиі жоғалып кетеді. Жалғыз тұрғасын көңіл аудара бермейміз. 22 қарашада соңғы рет үйіне кірген, содан жоқ. ПД мәйітті тапты, есік ашылғанда қатты иіс шықты, іші сасық. Тұрғындар тазалау үшін адам жалдадық», – деді марқұмның көршісі Ұзаққали Аюпов.
Қазір полиция бұл іске қатысты сот-медициналық сараптама тағайындады.
«Береке ықшамауданында 38 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды», – деді Атырау облысы Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Дина Мақсотова.
Коммуналдық қызметкерлер баспана ішін тазалап, қазір көпқабатты тұрғын үйге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жұлдық Қайратқызы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Уілдеген желден үй жылымайды: Шымкенттіктер биыл сатып алған пәтер тұруға жарамсыз