Коронавируспен сырқаттанушылардың өсуіне және карантиндік шаралардың күшеюіне қатысты елорда маңындағы туристік аймақтар жабылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласынан шыға берісте блокбекеттер қойылған. Блокбекеттерде елордалық полиция қызметкерлері азаматтармен демалыс орындарына баруға автокөлік қозғалысының шектелгені туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ бетперде режімін және әлеуметтік қашықтық ережесін сақтау қажеттігі туралы ескертеді.
«Шектеу шаралары үнемі ерекше бақылауда болады. Коронавируспен күресу үшін елорда тұрғындары мен қонақтары жағдайды түсініп, шомылу маусымы өтетін демалыс орындарына, көпшілік жиналатын жерлерге барудан бас тартуы керек», – дейді Нұр-Сұлтан полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Госман Жакин.
Өткен екі күн ішінде елордалық мобильді топтар, оның ішінде полиция қызметкерлері, эпидемиологтер, волонтерлер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері 50 карантиндік заң бұзушылықты анықтады. Олардың 29-ы медициналық бетпердені тақпауы және әлеуметтік қашықтықты сақтамауы бойынша міндетті талаптарды бұзғаны үшін, сондай-ақ тыйым салынған уақытта жұмыс істеген 21 кәсіпкерлік субъектілерінің әкімшілік талапты бұзғаны үшін айыппұл салынды.
Заң бұзушыларға қатысты материалдар Нұр-Сұлтан қаласындағы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздік департаментіне беріледі.
Қазіргі уақытта 16 мониторингтік мобильді топ жұмыс істейді. Полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарына, қоғамдық тамақтану нысандарына, сауна-моншалар, аттракциондарға кіріп, мекеме иелеріне карантиндік шаралар туралы ескертеді. Бұдан бөлек, тәртіп бұзушылық фактілерін анықтайды.